Климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес: Қазақстан Париж келісіміне қандай үлес қосады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Париж келісімі аясында Қазақстанда көміртегі жобаларын дамытуға арналған екі күндік семинар басталды. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының және бизнестің өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар қатысып жатыр.
Халықаралық міндеттемелер қалай орындалып жатыр
Іс-шарада ең алдымен сөз алған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жиынның еліміз үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстан көміртегі нарығын дамытудың практикалық кезеңіне көшіп жатқанын атап өтті.
Одан бөлек, қазір Париж келісімінің 6-бабындағы механизмдерді қолданысқа енгізу де басты назарда. Бұған қажетті заң нормалары өткен айда қабылданды.
— Биыл шілде айында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, көміртегі жобаларын іске асырудың халықаралық тетіктерін, көміртегі бірліктерінің айналымын және қорытынды нәтижелерді халықаралық ұйымдарға беруді жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық нормалар қабылданды. Сонымен қатар, тиісті заңға қосымша нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстанда Париж келісімінің 6-бабында көзделген нарықтық тетіктерді іске қосу үшін қажетті нормативтік құқықтық база жасалды, — деді министр.
Сонымен бірге, ол Қазақстанның Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін еске салды. Еліміз 2030 жылы парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға азайтуы керек. Ал 2035 жылы бұл көрсеткіш 25%-ға төмендеуі тиіс.
Айта кетейік, Париж келісімін жүзеге асыруда, яғни климат өзгеруіне қарсы жаһандық әрекетте мемлекеттердің ұлттық үлесі есептеледі. Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, биыл шілде айында қабылданған нормаларда бұл мәселе де қамтылған.
— Парниктік газдарды сіңірудің жалпы көлемінің кемінде 10%-ы және парниктік газдар шығарындыларын қысқартудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы Қазақстанның ұлттық үлесін орындау есебіне енгізіледі, — деді ол.
Климаттық жобалар — инвестиция көзі
Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, мемлекеттің негізгі мақсаты — инвесторлар мүддесі, жобалардың экономикалық тиімділігі және ұлттық климаттық бағыт арасындағы өзара тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Тарқатып айтқанда, Қазақстанға қаржы құятын инвесторлардың жобалары әрі табыс түсіріп, әрі экологияға да оң әсерін тигізуі қажет. Бұл ретте, инвесторлардың да қамы ескерілуі шарт. Өйткені, өздеріне пайда болмаса, ешбір шетелдік компания республикамызға инвестиция салмайтыны анық.
Қуанышқа орай, халықаралық инвесторлар басым бағыттардағы жобаларды, оның ішінде орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және энергия тиімділігін арттыру бастамаларын іске асыруға дайын екенін білдіріп келеді.
— Қазақстанның бұл салада айтарлықтай әлеуеті бар. Атап айтқанда, жалпы аумағы 31 млн гектар мемлекеттік орман қорының тақыр жерлеріндегі көміртегі жобаларының әлеуеті 5,2 млн гектар деп бағаланады. Қазір инвесторлар үшін шығарындыларды қысқарту және сіңіру, сондай-ақ, көміртегі бірліктерін қалыптастыру жөніндегі жобаларға қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр, — деді Экология және табиғи ресурстар министрі.
Оның сөзінше, мұндай іс-шаралар инвесторларға Қазақстандағы бүкіл үдерісті түсінуге мүмкіндік береді. Олар Қазақстанда қандай жобаларды іске асыруға болатыны, қандай талаптар қойылатыны, авторизациялау рәсімі қалай жүргізілетіні, нәтижелерді мониторингтеу және верификациялау қалай жүзеге асырылатыны, сондай-ақ халықаралық талаптарға сай, жобалардың қалай есепке алынатыны т. б. мәселелерді егжей-тегжейлі түсінеді.
Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев те экологиялық бастамалар инвестиция тартуға зор септігін тигізетінін атап өтті.
— Бүгінде климаттық күн тәртібі экологиялық мәселелермен шектелмейді. Біздің көз алдымызда бүкіл әлемде экономиканың жаңа жоғары технологиялар саласы, көміртегі бірліктері нарығы қалыптасып келеді. Бұл нарық тікелей инвестиция тартуға, өнеркәсіпті жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің тұрақты дамуына үлкен мүмкіндік береді, — деді ол.
Ардақ Зебешев халықаралық сарапшыларға сілтеме жасай отырып, алдағы жылдары сапалы климаттық жобаларға деген сұраныс тек арта түсетінін мәлімдеді. Сондықтан бұл бағыт халықаралық міндеттемелерді орындаумен қатар, ел экономикасын дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.
Сондай-ақ, Инвестициялар комитетінің төрағасы Қазақстанның теориядан нақты іске көшіп жатқанын атап өтті.
— Мысалы, кореялық әріптестерімізбен бірлесіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Kazakh Invest» компаниясының қолдауымен Алматы облысы Қарасай ауданында және Шымкент қаласында полигон газын ұстау бойынша халықаралық жобалар жүзеге асырылайын деп жатыр. Бұл жобалар жыл сайын шамамен 200 мың тонна көміртегі көлемін қысқартуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Одан бөлек, маман басқа да жобаларға кеңірек тоқталды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларына қатысты жаңа ережелер енгізілгенін жазғанбыз.