ҚНРА өткен жылы алдына қойылған міндеттемелерін толық орындады - Е.Бахмутова
АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, 2010 жылдың қорытындысы оларды қанағаттандырады.
Ол бұл пікірін бүгін Алматыда Агенттіктің 2010 жылғы жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында білдірді.
«2010 жылы қаңтарда мәлімдеген алдымызға қойған барлық міндеттемелерімізді толық орындадық. Жоспарланған шаралардың бәрі жағдайға сай болды. Қаржы нарығындағы ахуал баяу болса да қалпына келуде. Біз қазір дағдарыстан кейінгі дамудың басында тұрмыз», - дейді Е. Бахмутова.
Оның айтуынша, барлық шаралар реттеу үдерісін белсендіруге бағытталады. Бұл дағдарысқа дейінгі қарқынды дамудағы олқылықтарды қайталамау үшін жасалмақ. Ол әрқилы ұстанымдар бойынша бағалануы тиіс. Сондықтан реттеу шаралары кешіктірілмей іске асатындай болуы керек.