КО аясында Павлодар облысының сыртқы сауда айналымы екі есеге жуық өсті

«Кеден одағы іске қосылғалы, яғни 2010-2013 жылдар аралығында тауар айналымы 1,5 млрд доллардан 2,8 миллиард долларға дейін өсті. Облыстың сыртқы сауда айналымындағы Беларусь пен Ресейдің үлесі 66,7 пайызды құрайды», - деді Қ.Бозымбаев тілшілердің сауалына жауап беру барысында.
Оның айтуынша, биылғы жылы сегіз айда облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі 1,9 миллиард долларды құрап отыр.
«Бұл ретте бір миллиард доллардан астам өнім экспортталды. Сыртқы сауданың сальдосы оң бағаланып отыр, ол 192 млн доллардан асады, яғни бұл біз көп сатамыз деген сөз», - деп қосты әкім.
Сонымен қатар, өңір басшысы келесі жылдың соңына дейін Павлодар облысында «Павлодар» еркін экономикалық аймақтың дамуы аясында үш бірдей зауыттың іске қосылатынын мәлімдеді. Аймақ басшысы аталмыш аймақ аясында мұнай, алюминий және химия кластері бойынша жобалар іске асырылатынын жеткізді.
«Бүгінде «Павлодар» еркін экономикалық аймағында инвестиция көлемі 17 млрд теңгені құрайтын үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың бірі - дезинфекциялық өнімдерді шығаратын «БО-НА» ЖШС. Бұл облыста шығарылатын жаңа өнім болып табылады. Жыл соңына дейін тағы үш зауыт ашылады. Бұл игілікке 23 млрд теңге бөлініп отыр» деді Қ. Бозымбаев.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш жобаларды іске қосуға арналған инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізілiп жатқан көрінеді. Алдағы уақытта кеден терминалы, су, электр, теміржол жолдарын іске қосу жоспарлануда.
«Еркін аймақтағы инфрақұрылымның құрылысын жүргізуге 2014-2016 жылдары 28 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржының 3,1 млрд теңгесі биылғы жылы игерілмек» дейді ол.
Әкім айтып өткендей, Павлодар облысында ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Нақтысын айтқанда, 1,3 трлн теңгеге 87 инвестициялық жоба іске асырылуда.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста 1,3 трлн теңгеге 87 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», - деді Қ.Бозымбаев өз баяндамасында.
Облыс әкімінің атап өтуінше, бүгінде индустрияландыру картасындағы жалпы құны 242 млрд теңгеге 60 инвестициялық жоба іске асырылып, 4,6 мың жұмыс орны ашылған.