Көгалдандырудағы кемшілік: Атырауда мұнай-газ компаниялары міндеттемесін 0,4–18,5% ғана орындаған
АТЫРАУ.KAZINFORM – ТШО, NCOC, Ембімұнайгаз және АМӨЗ мен Атырау облысы әкімдігі арасындағы меморандумның орындалуы 0,4 пен 18,5 пайыз аралығында. Компания өкілдерінің бірі көрсеткіштің төмен болуын 2 жыл бұрынғы тасқынмен байланыстырса, екіншісі әкімдік бөліп берген учаскелерге ағаш жерсінбеді деп отыр .
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, мұнай-газ компаниясы арасында жасалған меморандумға сәйкес «Теңізшевройлға» 1722 га, NCOC-ға 1373 га, АМӨЗ-ге 1420 га, ал «Ембімұнайгаз» компаниясына 243 га жер берілген.
Прокурорлардың сөзінше, ТШО 31656 ағаш егіп, жұмыстың 6,8 пайызын орындаған. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты 2500 тал егіп, жоспардың 0,4 пайызына қол жеткізген. Ал NCOC 248 мың терек отырғызып, 18 пайызға жетсе, Ембімұнайгаз 56 227 ағаш егіп, 18,5 пайызбен көш бастап тұр.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Мирас Жалмурзин компаниялар тарапынан кеткен олқылақтарға тоқталды. Оның бірі NCOC мен «Жер ана» ЖШС арасындағы келісімге байланысты. 2020 жылы NCOC «Жер ана» ЖШС арасында көгалдандыру жұмысын атқаруға жылға келісімшарт жасақталған. Көгалдандыру көлемі – 308 гектар. Келісімшарттың 8-ші тармағына сәйкес, ағаштардың жасы кем дегенде 2-3 жыл , биіктігі 1 метр болуы шарт. Алайда іс жүзінде Соколок каналының маңы мен Еркінқала округінде егілген ағаштардың шамамен 15-20 пайызының биіктігі 1 метрден төмен екені анықталған. Бұған қоса, сатып алынатын және отырғызылатын ағаштардың барлығы Атырау облысында немесе оған жақын облыстардың климатына бейімделген, жерсінген болуы тиіс. Алайда көшеттер РФ сатып алынғаны белгілі болған.
- Соколок каналының маңында 107 гектарға отырғызылған жасыл желектің 30 гектары күтіп-бапталмағанының кесірінен қурап, өліп қалған. Мердігер мекеме қураған ағаштардың орнына жаңасын екпеген. Жасыл желектер күтіп бапталмаған. Компания мен мердігер арасындағы қаржы нысаналы мақсатта жұмсалмағаны, көгалдандыру жұмысы сапасыз жүзеге асқаны, тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмағаны, ал жергілікті атқарушы орган мен Экология департаменті тарапынан тексеріс жасамағаны белгілі болды, - деді Мирас Жалмурзин.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллинның айтуынша, АМӨЗ-дің көгалдандыру жұмысына бөлетін қаржысын «Қазмұнайгаз» АҚ реттейді. Қаралған қаржы мардымсыз болғандықтан, тендерге сапалы жұмыс істейтін компаниялар қатыса бермейді.
Меморандумда жыл сайын орындалуы тиіс жұмыс көрсетілмеген. Тек жалпы жұмыс көлемі бекітілген. Көгалдандыру міндеттемесін алған төрт компания өкілдері де істелген жұмысқа тоқталды.
- Жүйелі түрде жұмыс атқарылуын қолдаймыз. Қала ішінде болса біз үшін тиімді болар еді. Кей жағдайларда учаскелер қаланың шеткі жағында, алыс жерде болады. Ол жерлерді әрі қарай өспейтіні белгілі, - деді ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерек Мұхтаров.
Қазір ірі мұнай-газ компаниялары тарапынан атқарылып жатқан көгалдандыру жұмысының орындалу барысына жергілікті атқарушы орган немесе Экология департаменті тарапынан бақылау жоқ. Әкімдік пен прокуратура осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрып, жұмыс істеу алгоритмін жасақтау керектігін айтты.
- ТШО мен АМӨЗ-де жұмыс жоғы рас.Кезінде АМӨЗ-де жаңғырту жұмысы болған кезде санитарлық аймақ деп саяжай учаскелеріндегі тұрғын үйлерді көшірдік. Ал ол саяжайларда неше түрлі ағаш өсті. Жалпы меморандум аясында жүргізілетін жұмысқа алгоритм істеуіміз керек. Болашақта қолданатын шаралар қарастырылады. Әрине, АМӨЗ-дің стратегиялық маңызы болғандықтан оның жұмысын тоқтата алмаспыз. Дегенмен шыбын шаққандай емес, барлығында жауапкершілік болуы қажет, - деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Жалпы өңірде 551 мың ағаш бар. Оның 215 мыңы Атырау қаласында егілген.
Бұған дейін Атырауда жасыл желектер есепке алынбаған, дендрологиялық жоспар жасалмағанын жазған едік.