Бишімбаев ісі, Алматыдағы автобус апаты —Қоғамның ашу-ызасын тудырған келеңсіз оқиғалар
Елімізде қылмыспен күрес бойынша кешенді шаралардың арқасында негізгі көрсеткіштер жақсарды. Жалпы қылмыс деңгейі 12 пайызға төмендеп, 1,4 мың ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Адам өлтіру - 11, ұрлық - 27, бұзақылық - 28, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2 пайызға азайды. Дегенмен, қоғам ашу-ызасын тудырған қылмыстар да, келеңсіз оқиғалар да тіркелді, деп хабарлайды Kazinform.

Бишімбаев ісі
Айталық, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылып, темір тордың ар жағынан мерзімінен бұрын босаған Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы соққыға жығып өлтіріп, қайтадан түрмеге тоғытылды. Қайғылы жайт 9 қараша күні Бау мейрамханасында орын алған. Бұл оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, Ішкі істер министрлігіне аталған істі ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деген еді Президент.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ал Салтанат Нүкенованың мәйітіне 12 сараптама тағайындалды. Оның 11-інің қорытындысы шығарылып, ішкі істер министрлігіне берілген. Бірақ, еліміздің Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сараптама қорытындысы және осы іске қатысты деректер жария етуге жатпайды.
«Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты айтар болсақ, Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасау туралы қылмыстық іс аясында материал келіп түскені рас. Оның қалай қайтыс болғанына қатысты мән-жайды айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның онының қорытындысы шығарылып, құзырлы органдарға жіберілді. Біреуі осы аптада аяқталады. Ал 12-ші сараптама күні кеше ғана келіп түсті. Заңнамада бекітілген тәртіпке сәйкес, отыз күнтізбелік күнде сараптама өткізілуі тиіс. Сараптама қорытындылары Ішкі істер министрлігіне жолданады», - деген еді таяуда Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Қуандық Бишімбаевқа асқан қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылып отыр.
«Бишімбаевтің үстінен асқан қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Сондай-ақ ол ұсталған болатын және оның туысқаны аталған қылмысты бүркемелеп полицияға хабарламағаны үшін изоляторға алынды», – деді құзырлы орган өкілі.
Таяуда Youtube желісіндегі «Ертісбаев Live» арнасына сұхбат берген Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев ұлының қасақана адам өлтіру ниеті болмағанын айтты.
«Ата-ана ретінде ұлымызда Салтанатты (Нүкенова – ред.) өлтіру пиғылы болмағанына сенеміз. Ол онымен отбасын құрғысы келді, екеуі де бірге өмір сүруді жоспарлады, Салтанатқа гардеробты кеңейту үшін үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Екеуі де бала сүйіп, толыққанды отбасын құруды қалады. 9 қараша күні не болғанын өзіміз де білмейміз. Бірақ ұлымыздың қасақана адам өлтіру пиғылы болмағанын тағы да атап өткім келеді», - деді У. Бишімбаев.
Автобус апаты
22 желтоқсанда Алматыда автобус бір топ адамды қақты. Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды. Күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Оқиға салдарынан қаза тапқан үш адамның екеуі ерлі-зайыпты ұстаздар еді. Олар Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепте жұмыс істеген. Отағасы Талап Қосымов мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болса, жары Гүлжахан Ырысымбетова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Апат болған күні екеуі жұмыстан бірге шығып, балаларына асығып, Қалқаман аялдамасы арқылы үйлеріне қайтпақ болған.
Қамқоршыдан алаяқтыққа дейін бір қадам
Зорлық-зомбылық құрбандарының қамқоршысы ретінде қоғамға есімі танымал болған «НеМолчиKZ» қорының басшысы Динара Смайылованың былықтары әшкере болды. Бүгінде Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Дина Таңсәрі ретінде танымал болған оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. Оның ішінде екі іс — алаяқтық бойынша.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында Смайылованың «НеМолчиKZ» қорының басшысы екені, сонымен қатар өзін қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуші ретінде көрсететіндігі анықталды. Ол өз қызметін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялайды. Алайда Смайылованың көптеген жарияланымдары шындыққа жанаспайды, себебі олар тергеумен расталмаған. Оның жалған хабарларымен құқығы бұзылған азаматтар шағым түсірді. Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, «НеМолчиKZ» қорының басшысы тек өзінің субъективті пікіріне сүйене отырып, айыптау басылымдарын жазған. Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтынын жариялаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық аясында сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғанын және қыздың ауруханада жатқанын мәлімдеген. Алайда бұл жарияланымдардың бәрі жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Осыған қарамастан Смайылова жәбірленушінің адвокатына ақша жинайтынын жариялап, сот процесі кезінде 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған. Оның аз ғана бөлігін іссапар шығындарына төлеген. Алайда сотта адвокаттың қызметін жәбірленуші тараптың өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды», — дейді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.
Алаяқтық бойынша тағы бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісі бойынша қозғады.
«Бұл жағдайда Смайылова бір отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған хабарлама жариялап, оқырмандарынан ақша аударуды сұрап, жұбайының Каspi картасының реквизиттерін көрсеткен. Тергеу барысында зорлық-зомбылық фактісі расталмады. Бірақ банк мәліметтеріне сәйкес көрсетілген уақыт ішінде Смайылова тағы да бірнеше миллион теңге жинап үлгерген. Сонымен қатар соттың санкциясымен алынған банк мәліметтерін талдау барысында Смайылова Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның талаптарын бұза отырып, өзі шетелде бола тұрып, аударымнан түскен ақшаны жұбайының жеке карточкасына алғаны, сондай-ақ ақшаны өз қажетіне жұмсағаны анықталды. Алынған дәлелдемелерді ескере отырып, тергеу органы Смайылованың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша саралап, 27 желтоқсанда оған іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», — деді Самат Аисов.
Әке абыройын төккендер
Қоғам назарын аударған келесі оқиға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлдарына қатысты орын алды. Есте болса, қыркүйек айында әлеуметтік желіде жігіт пен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тарады. Видео авторы бұл оқиға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлына қатысты екенін айтады. Осы орайда тілшілер оқиғаға қатысты депутаттың пікірін сұраған болатын.
«Жастар өздері шешеді. Бір-бірін жақсы көретін болар», - деген еді сол кезде Д.Тұрлыханов.
Сәл кейінірек ол Facebook парақшасында ұлының қыз баланы соққыға жыққаны бейнеленген видеоға қатысты пікір білдірді.
«Бүгінгі әлеуметтік желілерде менің ұлыма қатысты тараған видео бойынша түсінік беруді жөн көрдім. Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиғалар бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай қыздар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді», - деп жазды Дәулет Тұрлыханов.
Мәжілісменнің екінші ұлына келер болсақ, биыл ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді. Қазан айында Алматы қалалық әскери сотының үкімімен Нұрасыл Болат ҚК 107-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде 1 млн 700 мың теңге айыппұл тағайындады.
Нұрасыл Болаттың келеңсіз қылығы бұл ғана емес. 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Н.Болат Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға міндетті болған. Алайда ол бөлімше командирінің лейтенант А. берген бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытта кетіп қалған. Осыдан кейін іс Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, кінәліні 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарғаны есте.
«Сот Б.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды», - деп хабарлаған болатын соттан.