Қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым Қоңырқожа Қожықовтың туғанына 130 жыл толды
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қоңырқожа Қожықов - қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдағы қуған-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырып өткізілген шараны Ұлттық кітапхана мен «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы бірлесіп ұйымдастырған. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Орынбасар Исақовтың айтуынша, Қоңырқожа Қожықов 20 ғасыр басында ұлт мүддесі үшін күрескен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі. «Өкінішке орай Қожықов есімі көпке белгілі болмай, тасада қалып келді. Бүгінгі «дөңгелек үстел» барысында оның қызметі мен ұлт үшін істеген істерін көпшілікке паш етуді мақсат тұтамыз», дейді Ұлттық кітапхана директоры.
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбайдың айтуынша, Қоңырқожа Қожықов Түркістан автономиясын құруға, оның Орталық атқару комитетінің түрлі комиссияларында қызмет атқарып, Әулиеата, Жетісу уездерінде жер реформасын жүргізуге, Орталық Азиядағы ұлттық межелеу науқанына қатысқан. Қазақ балалары үшін 1912 жылы жәдид үлгісімен «Әліппе» жазып, Орынборда шығарған. С.Асфендияровпен бірге Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институының негізін қалаушылардың бірі, ғылыми хатшысы болған. Кеңес Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалында қызмет ете жүріп, Жетісу өңіріндегі көне тарихи қорғандар мен ескерткіштерді зерттеу экспедицияларына қатысып, Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жазып, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу туралы мәселені көтерген тұлға. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімінде қызмет атқарып, Сайрам қазба орнынан Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет хазірет Сұлтан әл-ғарифин» қолжазбасын табуға атсалысқан.
«1938 жылы тұтқындалып ату жазасына кесілді. Ол туралы Сталинге берілген мәліметте М.Шоқайдың көмекшісі, Ходжановпен, Асфендияровпен бір үйдің қызын алған адам ретінде Қазақстанды бірлесіп басқарып отыр деп көрсетілген. Тек 1957 жылы желтоқсанның 23-де ақталды», дейді Бейбіт Қойшыбай. Қоңырқожа Қожықовтың жары Ләтипа Қожықова Қазақстанның сәндік қолданбалы өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі. Әуезов театрының алғашқы сахна жасаушысы, киім жасаушысы болған. Ал артында қалған ұлдары Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет Қожықовтар қазақ өнерінде өзіндік өрнегі қалған тұлғалар болды.