Қоғам төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселесін шапшаң еңсеруі керек - В. Божко

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселесін біздің қоғам шапшаң еңсеруі керек.

Қоғам төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселесін шапшаң еңсеруі керек -  В. Божко

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.

«Қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлардан жапа шеккендерге бюджет қаражаты есебінен салынған тұрғын үйлерді өтеусіз негізде беруге құқылары жоқ. Бұндай құқықтық олқылықтарды жою үшін азаматтық қорғаныс туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастырып жатырмыз», - дейді министр.

 Бұл ретте ведомство басшысы төтенше жағдайлар тәуекелдеріне қатысты әлемдік тәжірибелерде кеңінен қолданылатын сақтандыру компанияларының  қызметі зерделенуі тиістігін атап өтті.

«Зілзалалар, табиғи апаттардан сақтандыратын отандық сақтандыру жүйесінің дамымауы салдарынан  әлгіндей тілсіз жаулар тудырған залал шығынының қайтарылуы сирек. Бұндай жағдайда баспанамен қамтамасыз ету, олардың материалдық проблемаларын шешу мәселелері түгелдей дерлік Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың мойнына түседі. Сондықтан да төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселесін біздің қоғам шапшаң еңсеруі керек. Ал стихиялық апаттардан болатын шығындарды өтеу тетігін реттеу үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қажет. Онда жапа шеккендерге тұрғын үйлер беру жолдары, халықты және олардың мүліктерін су тасқындарынан, табиғи апаттардан сақтандыру мәселелері қамтылуы шарт», - дейді В. Божко.

Министрдің келтірген дерегіне сүйенсек, АҚШ-та су тасқындарынан сақтандыру жүйелер тетігі ұлттық заңнамамен жүзеге асады. Оның нормаларында халықты міндетті түрде апат туралы хабардар ету, олардың өзіндік қауіпсіздігі мәселелері қамтылған.