Қоғамда келісім мен тұрақтылықты нығайту - ортақ міндет - БҚО ішкі істер басқармасының бастығы Т.Имашев

РАЛ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді», деп атап көрсеткен болатын. Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылған

Қоғамда келісім мен тұрақтылықты нығайту - ортақ міндет - БҚО ішкі істер басқармасының бастығы Т.Имашев

кезеңде қоғамда келісім мен тұрақтылықты нығайту - баршаға ортақ міндет. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекетіміздің азаматтық қоғам құру мен елде демократиялық үрдістерді дамыту бағытындағы саясатына бұқаралық ақпарат құралдарын жан-жақты жұмылдыру үшін олардың мәртебесін көтеріп, абыройын аспандатуымыз қажет.

Бүгінде материалдық байлыққа деген жаппай ұмтылыс рухани байлықтарымыздың құнсыздануы есебінен өрбіп жатқандай көрінеді де тұрады. Сондықтан қоғамға жаңа көзқарас, басқа жол қажет. Уақыт тынысы, өмір көші осыған жетелеп отыр. Құқықтық мемлекет құру жолындағы бұқаралық ақпарат құралдарына білім, кәсіптік дайындық, күштілік және ұлттық бірлік қажет. Ал осылардың бәрі қосылып сана мен рухани байлығымыздың керегесін құрап, шаңырағын көтеріп, уығын шаншуы тиіс.Қоғам мен мемлекет дамуында саясат пен экономиканың салмағы қаншалықты басым болса, оның бұқаралық ақпарат құралдарының заңдық тетіктері де соншалықты беделге ие болуы тиіс. Бұл жолда қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейі заңға ерекше құрметтің, оны сөзсіз мойындаудың және заңдар тұрақтылығының деңгейімен өлшенетінін ескергеніміз жөн. Ұрпақтың бойына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерді қалыптастырмай, сондай-ақ өткен буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай, әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар алғы шептегі қоғам құру мүмкін емес. Қалай десек те, мемлекет билігінің төртінші тармағы іспеттес бұқаралық ақпарат құралдары өз кезегінде мемлекетті дамытады, ұлтқа тұғыр, ұлысқа тірек болады.

1995 жылы Президент Н.Назарбаевтың "Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы" Жарлығы шыққаны мәлім. Биыл Ассамблеяның құрылғанына 15 жыл толып отыр. Қазақстандық және ұлттық отансүйгіштікті қалыптастыру, ұлтаралық қатынастарды қадағалау негізінде татулық пен келісімді нығайту, Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау ісімен айналысу нақ осы Ассамблея жұмысының негізгі өзегіне айналды.
Облыс көлемінде ұлтаралық саясат пен оның даму бағытын қалыптастыруда аталған құжаттың негізгі басымдықтары ескеріліп, өлкемізде өмір сүріп отырған барлық ұлт өкілдерінің тең құқығын қамтамасыз ету басты нысанаға алынды. Аталған құжаттарды орындау үшін облыс әкімінің басшылығымен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен жанжалды реттейтін жұмыс комиссиясы құрылды. Аймақтағы қоғамдық пікірді анықтау үшін ресми және бейресми зерттеулер үнемі жүргізілуде. Атап айтсақ, 2009 жылы «Батысқазақстандықтардың бағалауындағы ұлтаралық және конфессияаралық диалогы» атты әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Зерттеуге 2 мың респондент тартылды. Сауалнамаға қатысқандардың 77,7 %-ы ұлтаралық қатынастар саласын маңызды деп есептейді.

Жалпы алғанда, БҚО-да сұралған тұрғындардың 92 пайызы қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық қатынастардың жағдайын жоғары бағалады. Облыстық деңгейде 14 ұлттық мәдени-ағарту орталығы жұмыс жасайды. Олардың қатысуымен ұлтаралық саясатты іске асыруда облыс аумағындағы диаспоралардың шығу тарихы мен өзге елдермен достық қатынастарды дамытуға бағытталған әртүрлі конференциялар, фестиваль, конкурс, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Шараларға этномәдени бірлестіктер, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар шақырылып, қатыстырылып отырады. Этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімді нығайту бағытында жарияланған байқауларға белсенді қатысуда. Аймақтағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту мақсатында және этникааралық саладағы ахуалды жақсарта түсу үшін мынадай тақырыптарда конкурстар жарияланды: «Ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау және оқыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру», «Әдебиет пен саз өнеріндегі толеранттылықты адамзаттың рухани мұрасы мен эстетикалық тәрбиесі ретінде қолдану», «Біз - біртұтас Қазақстан халқымыз», «Этникааралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар қатарын ұйымдастыру және өткізу», «Этникааралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру проблемалары мен перспективалары (оқу-әдістемелік материалдар жасақтау)» тақырыбында іс-шаралар кешенін өткізу, «Ұлтаралық және конфессияаралық келісім бойынша семинар-тренингтер өткізу». Аталмыш жобаларды орындау аймақтағы ұлтаралық саясат пен оның алдағы уақыттағы даму бағыттарына пайдалы әрі тың ұсыныстар әкелді.

Ішкі саясат басқармасының бастамасымен облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында қала және аудан мектептерінің дінтанушы мұғалімдерімен «Қазіргі қоғамдық-саяси өмірдегі діннің орны және мектептерде дінтануды оқыту мәселелері» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Аталған шара аясында облыстық ішкі саясат басқармасы мен әділет департаменті, қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары мен дәстүрлі діни бірлестіктердің өкілдері дәріс оқып, дөңгелек үстел оздырылды.

Басқарма қолдауымен «Қазақстан корейлер ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Біз - Қазақстанның біртұтас халқымыз» атты әлеуметтік жоба аясында бірқатар шараларды іске асырды. Олардың қатарында «Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын ұлттардың көрнекті тұлғалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қазақстанның тұтас халқын құрудың ахуалы мен келешегі» тақырыбындағы дөңгелек үстел және «Мен қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрін дәріптеймін» байқауын атап өтуге болады. Қатысушыларға құрмет грамотасы беріліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Біздің қоғамдағы конфессияаралық келісім ұлттық бірліктің маңызды құрамдас бөлігі болып есептеледі. Халқымыздың татулығы мен бірлігі - еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты. Халқымыз «Ел тыныш болса, еңбек еселі» демей ме, сондықтан жоғарыда аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады», деп түйіндеді ойын Т.Имашев.