Қоғамдық диалог: Петропавлда жаңа Конституцияны іске асырудағы өңірлердің рөлі талқыланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM –«КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сарапшылық алаңының кезекті отырысы Петропавлда өтті. Жиында елімізде жаңа Конституцияның жүзеге асырылуы және ондағы өңірлердің рөлі кеңінен талқыланды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Отырысқа жетекші сарапшылар, ғылыми қауымдастық өкілдері, заңгерлер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және өңірдің Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиынға қатыстушылар жаңа Конституцияны өңірлерде жүзеге асыруда жергілікті өзін-өзі басқару мен азаматтық қоғамның рөлін, қоғамдық диалогты, саяси партияларды және қоғамдық қатысудың жаңа институттарын дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, жаңа Конституция - әділеттілік, заң үстемдігі, жауапкершілік және барша азаматқа тең мүмкіндік қағидаттарына негізделген жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға негіз болды.
Сондай-ақ ол жаңа саяси жүйеде саяси партиялардың жауапкершілігі артып, олардың халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңызы күшейгенін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы өңірлердің үнін естуге және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Іс-шарада Солтүстік Қазақстан облысының даму әлеуеті де сөз болды. Сарапшылар өңірдің ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен инновациялар саласында үлкен мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков Конституциялық реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, жергілікті бюджеттерді басқару, қоғамдық бақылау және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктері артқанын айтты.
Қоғам белсенділері де өз пікірлерімен бөлісті. «Ассамблея жастары» СҚО жастар бірлестігінің төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Дариға Смайылова жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы елдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, сайлауға қатысу - әр азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, азаматтық жауапкершілігінің де көрінісі.
Ал «СҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы төрағасының орынбасары Әсел Есжанова жаңа сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, толық пропорционалды модельге көшу саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың бағдарламалық бәсекелестігін арттырады. Бұл жүйе бойынша Құрылтайдың барлық 145 депутаты партиялық тізімдер арқылы сайланады. Нәтижесінде партиялардың жаңаруына және қоғам алдындағы жауапкершілігінің артуына ықпал етеді.
«СҚО Жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігінің өкілі Тимур Альжановтың пікірінше, қазіргі сайлау науқаны қоғамның саяси жүйені жаңартуға деген сұранысына жауап береді. Партиялар басшылық құрамдарын жаңартып, жас көшбасшыларды тартып, қоғамға жаңа идеялар мен бағдарламалар ұсынып отыр.
Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституцияның тиімді жүзеге асуы өңірлердің белсенділігіне, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуына, азаматтық қоғам институттарының нығаюына және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың жалғасуына тікелей байланысты деген ортақ пікірге келді.
Бұған дейін Қызылордада «Конституция — азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы» тақырыбында облыстық форум өткенін жазған едік.