Қоғамдық орында бет-жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

- Біріншіден, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қайтыс болған қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері 2022 жылғы қаңтардан бастап біржолғы жәрдемақы төлемдеріне қосымша ретінде ай сайынғы төлемдер алуға құқығы бар (жесірлері – өмір бойы, балалары – 23 жасқа толғанға дейін). Алайда бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелері енбей қалған. Бұл олқылықты жою мақсатында осы нормаға кері күш беру туралы түзету енгізілді. Қазіргі кезде 1991 жылғы 16 желтоқсан мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде қайтыс болған қызметкерлердің 530 отбасы осындай ай сайынғы төлемдерді алмай келген. Енді бүгін қаралып отырған заң аясында осы отбасылар аталған өтемақыны ай сайын алады, - деді депутат Жарқынбек Амантайұлы.
Екіншіден, аталған заң аясында Қазақстанда техникалық сора (канабис) саласында өндірісті дамытуға отандық және шетелдік инвесторларды тарту және ел экономикасын дамыту мақсатында өсіруге рұқсат етілген сора өсімдіктері сорттарын, өсіруге рұқсат етілген канабис өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың құрамын анықтау, сондай-ақ сора (канабис) өсімдіктерінің сорттарын өнеркәсіптік қайта өңдеу жөніндегі мәселелерді реттеу ұсынылды.
Үшіншіден, мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде кейбір адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға қатысты түзетулер енгізілді. Олар:
- шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген басшылары және олардың отбасы мүшелері;
- Қазақстанның құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері,
- Қазақстанға қызметтік істер бойынша жіберілетін, дипломаттық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломаттық паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері;
- дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломаттық курьерлер – курьерлік парағы болған кезде дипломаттық паспорттардың иелері.
- Ресми шетелдік делегацияларды дактилоскопиялық тіркеуден босату қысқа мерзімді сапарларды жеңілдетеді және ортақ міндеттерді шешуге әрі бірлескен мақсаттарға қол жеткізуге басты назар аударуға мүмкіндік береді. Дактилоскопиялық тіркеуден босатылғанына қарамастан, визаларды тексеру және ресімдеу рәсімдері әлі де міндетті болып қала береді, бұл шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағына кіруі мен келуін бақылаудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді депутат.
Сонымен қатар ол заң аясында қоғамдық орындарда бет жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынатынын атап өтті.
- «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға «дала төлемдері» деген ұғым енгізіледі. Дала төлемдері әскери қызметшілерге ғана дала жорықтары, теңізге шығу, кемелердің оқу-жаттығуларға немесе жорықтарға бір тәуліктен артық қатысу кезеңі үшін 1,2 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. Дала төлемдері әлеуметтік қорғалуды жақсартуға, әскери қызметтің беделін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлік сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Ж. Амантайұлы.
Осы заң аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуде бірқатар жаңа тәсілдер ұсынылады, оларды іске асыру бөлінетін бюджетті ұтымды және біркелкі пайдалануға, тұрғын үй төлемдері тетігімен барлық күш блогын бірдей қамтуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы нормалар тұрғын үйді жалға алуға және жөндеуге берілетін қаражатты қолма-қол ақша етіп алуға мүмкіндік беретіні жасырын емес. Бақылау тетігі жоқ. Жаңа нормалар бұл олқылықтарды жабады, қызметкерді баспана алуға ынталандыру арқылы ұзақ мерзімді жалға алуды тиімсіз етеді.
- Түзетулермен тағы бір тұжырымдамалық мәселе, 20 жылдан астам еңбек сіңірген барлық қызметкерлерге тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы шешіліп жатыр. Бұған дейін бұл тек әскери қызметшілерде, арнаулы мемлекеттік органдарда және Ішкі істер министрлігінде болған, - деді депутат.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, нақтылау сипатындағы түзетулер қамтылды. Атап айтқанда, мыналар ұсынылады:
- әкімшілік қамауға алынатын адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібін айқындау;
– «жергілікті полиция қызметі» деген ұғымды алып тастау;
- көліктегі полиция бөлімшелері саласында «желілік» деген терминді «көліктегі» деген терминмен ауыстыру.
Еске салсақ, осы заң Мәжілісте бірінші оқылымда биыл 16 сәуірде қаралған еді. Сол кезде «жергілікті полиция қызметі» деген ұғымы жойылатыны айтылды.