Қоғамдық орындарда кальян тартуға бақылауды күшейту керек - Дәулет Тұрлыханов
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Дәулет Тұрлыханов кальян қойып жүрген көңіл көтеретін орындар көбейіп кеткенін айтты.

«Қазір пайдасынан зияны көп электронды темекі, синтетикалық есірткі, энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян. Бұл затты арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарда қойып, жастар көлікке салып алып жүретін жағдайға жетті. Кальянды қоғамдық орындарда қоюға заң жүзінде тыйым бар. Алайда, бұл норма орындалмай отыр. Өйткені, 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген - заңды бұзуға негіз емес. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек, түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, алкоголь де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?», - деді Д.Тұрлыханов Үкімет басшысы орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда кальян бойынша бақылауды күшейтуі тиіс.
«Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі кальянның құрамына, түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар, Үкімет елімізде кальянға мүлдем тыйым салуды және талаптарды бұзғандарды жазалауды ескеретін заң жобасын әзірлеуі қажет», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс вейптерге тыйым салатын заңды қабылдады.