Қоғамдық ұйымдардың наградаларына талаптар күшейтіледі — Аида Балаева

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін наградаларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

Аида Балаева
Фото: Үкімет

— «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына 2025 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге сәйкес, қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық қорларға, басқа да үкіметтік емес ұйымдарға сыртқы түрi мен атауы мемлекеттiк наградаларға толықтай немесе қандай да бір бөлігі ұқсас ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгiлер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды тағайындауға және жасауға тыйым салынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының және Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен наградтауға жол берілмейді, — деді вице-премьер.

Осы орайда ол Мәдениет және ақпарат министрлігі елімізде тіркелген 20 мыңға жуық қоғамдық ұйымға тұрақты түрде талдау және мониторинг жұмыстарын жүргізетінін атап өтеді.

— Қазіргі уақытта уәкілетті орган Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарына қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық қорлардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың наградаларына қатысты қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Заң жобасын дайындау барысында халықаралық және ТМД елдерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта заң жобасы белгіленген тәртіпте пысықталуда. Жалпы сауалда көтеріліп отырған мәселелер Мемлекеттік кеңесшінің төрағалығымен тұрақты өтетін Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның басты назарында, — деді Аида Балаева.

Айта кетейік, таяуда Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан музыкалық білім беру саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.