Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері ағымдағы жылы түзету мекемелерінде 520 рет болды
деп хабарлады Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.
Комитеттің Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Рыскүл Рашитованың айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін қоғамдық бақылау комиссияларының тұрақты аралауын қарастырған қоғамды бақылау институты Қылмыстық-атқару заңымен және «Әділет органдары туралы» Заңмен бекітілген.
Бүгінде республика бойынша жұмыс істеп жатқан 15 қоғамдық бақылау комиссиясының құрамына қоғамдық және діни бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау органдардың заңгерлері, медицина қызметкерлері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері, барлығы 93 адам кіреді.
Комиссия өкілдері түзету мекемелерінде болған кезде, сотталушылар мен тергеудегі-тұтқындалған тұлғалардың ұсталу жағдайларына мониторинг жасайды, адамның конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған адамдарға материалдық және заңгерлік көмектер көрсетіледі, - деп атап көрсетті Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Рыскүл Рашитова.
Қылмыстық-атқару жүйесінің Қоғамдық бақылау комиссияларымен сындарлы қарым-қатынасының нәтижесінде, отандық пенитенциарлық жүйенің қызметі ашықтау бола бастады, бұл Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы қарсаңындағы өте маңызды мәселе, деп түйіндеді өз сөзін Р.Рашитова.