Қоғамдық кеңестерге тұрғындардың белсене қатысуы маңызды - Ербол Ғұмаров

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұдан бір жыл бұрын, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданғаны белгілі.

Қоғамдық кеңестерге тұрғындардың белсене қатысуы маңызды - Ербол Ғұмаров

Осыған орай өңірлерде қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс жасауда. Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалында БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов биылғы тоғыз айдағы атқарылған істер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ербол Ғұмарұлының айтуынша, БҚО мәслихатының 2016 жылғы 23 ақпандағы  №31-1 шешімімен  құрылған қоғамдық кеңестің құрамында 41 адам болса, соның 28-і немесе 68 пайызы - коммерциялық емес ұйымдар, 13-і (32 пайызы) - мемлекеттік органдар өкілдері. Орал қаласы мен 12 аудандағы қоғамдық кеңес төрағалары кеңес құрамына енгізілді. Облыстық қоғамдық кеңес құрамында қазақ, орыс, әзербайжан, еврей, корей сынды бес ұлттың өкілдері бар. 32-сі (78 пайыз) ерлер болса, 9-ы (22 пайыз) - әйел адамдар. Барлығының да білімі жоғары, біреуі - ғылым докторы, бесеуі - ғылым кандидаттары. Қазақстан халқы Ассамблеясының алты мүшесі қоғамдық кеңес құрамында, сондай-ақ және төртеуі - облыстық этномәдени бірлестіктер басшылары.

Осындай құрамда облыстық қоғамдық кеңес өңір алдында тұрған көкейкесті мәселелерді талқылау үшін жүйелі түрде бас қосып отырады. Мысалы, жыл басынан бері қоғамдық кеңестің 11 кеңейтілген отырысы, 15 төралқа жиыны өткізіліп, оларда 132 мәселе қаралды. Осылардың қорытындысы негізінде 184 ұсынба қабылданып, соның ішінде атқарушы органдардың 118 нормативтік-құқықтық актісінің жобасы қаралып, үшеуі қайта ұсыну үшін кері қайтарылды. 

Маңызды мәселелердің бірі Жер реформасына қатысты кеңейтілген бес отырыс өткізіліп, оған 300-ден астам адам қатысты. 116 адам өз ой-тоқтамдарын білдіріп, отырыс қорытындыларымен Жер реформасы бойынша республикалық комиссияға 72 ұсыныс жіберілді.

Сонымен қатар жоспарға сәйкес облыс әкімінің, басқармалар мен департаменттер, аудандар басшыларының есептерін тыңдау жолға қойылды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылып, онда Ұлт көшбасшысының ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі ұсыныс-идеяларына толық қолдау білдірілді.

Сол секілді Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары талқыланды. Осы Заң жобасын барлық аудандық қоғамдық кеңестерде қарау және ұсыныстарды жинақтау тапсырылды.  Облыс тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жинақтау мақсатында халық көп баратын жерлерге жәшіктер орнатылды.

«Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес еліміздегі мемлекеттік басқару ісіне, қоғамдық-саяси өмірге халықтың белсене араласуына барынша жағдай жасалып отыр. Соның ішінде тұрғындар осы қоғамдық кеңестер арқылы өз ой-пікірлерін жеткізе алады. Демек, олар өз мүмкіндіктерін толық пайдалана білсе, бұдан қоғам да, қарапайым халық та ұтады», - деп түйіндеді ойын Ербол Ғұмаров.