«Көгілдір жәшік» 67 пайыз қазақтың санасын улайтын дүниеге толып кетті... Тазалау керек
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңадан тәуелсіздікке иеленген кез келген мемлекеттің ең алдымен қолға алатын мәселесі отарсыздану, отаршылық қалдықтарын, көріністерін жою болуы тиіс. Тәуелсіздікті басқадан емес, орыстан алған соң, (басқа да отарлаушы мемлекеттерден төнген қауіпті қайтарып, ұлттық тәуелсіздікті бабаларымыз алып беріп кеткен) Қазақстанның да ең алдымен
қолға алатын ісі орыстық пиғылдардан тазарып, отарсыздану болуы шарт еді.
Бірақ, өткен жылдар ішінде бұл істің толық жүргізілмегенін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отарсыздануға қатысты белсенділік болғанымен де, соңғы кезеңде ондай белсенділіктің құрдымға кетіп бара жатқандығын көріп отырмыз. Ал бұндай жағдайдың орын алуына ең алдымен жас ұрпақтың санасына отарсыздану үдерісін сіңдіре алмауымыз себеп болып отырғаны шындық. Орыстан тәуелсіздікті алған Қазақстан сол жақтан келетін ақпараттық басқыншылықтан әлі де адаланған жоқ. Оның ішінде ұлттық баспасөзді қолдау шарасы мемлекет тарапынан тіпті де тиісті деңгейде болмай отырғаны толғантады. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызға жуығы әлі де болса орыс тілінің аясын кеңейтуге жұмыс істейтін, орыс тілді баспасөзге тиесілі екен.
Ақпараттың ең әсерлі берілетін жолы - телеарналар бағдарламалары да ұлттық даму тұрғысынан сын көтермейді. Қайта соңғы уақытта ресейлік өнімдерді көшіріп, өңін айналдырып көрерменге ұсынудан қазақстандық тәуелсіз телеарналар алдына жан салмай келеді. Шындығында, әлем елдері ішінде орыс телебағдарламасының баламасы жөніндегі байқау жарияланса, біздің тәуелсіз арналар шаппай бәйге алатын жағдайға жетті.
«БАҚ туралы» заңға кезекті түзетулер енгізіліп еді, бұрыннан өзекті ретінде көтеріліп жүрген тәулік бойы таза қазақша хабар тарататын телеарна құру мәселесі, қазақ тіліндегі хабарлар көлемін 50 пайыздан да арттыра түсу шарасы бүктемеде қалды. 67 пайыз қазақ болдық, екі-үш жылда 70-ті еңсереміз. Бірақ заң жүзінде 70-ке лайық атқарылуы тиіс жұмыстар норма болып қамтылмай қалды. Дегенмен, заң біршама өзгерді, бірақ БАҚ тарапынан, әсіресе тәуелсіз телеарналардағы сол заңды орындау құлқы да басқаша өзгерді. «Елу де елу» мәселесі тәулікке тең есептелетін болып еді - сауатсыз аударылатын, болмаса көшіріліп шығарылатын орыс бағдарламасын енді қазақ тілінде тамашалап мәзбіз. «Наша Рашаның» қазақстандық баламасы, «Камеди клабтың» қазақша нұсқасы, «6 кадровтың» аудармасы, «Сен сұлу» бағдарламасы, ұлттық менталитетімізге, әдебімізге жат, сананы улаушы сериалдар, кино өнімдері, тағысын-тағы, айта берсеңіз толып жатыр. Қазақтың өзіне ғана тән «қалжыңдары», әр нәрсені әдеппен, астарлап айтып жымитуы көрерменнің аңсап тамашалайтын арманына айналып барады. «Күлкі жан семіртеді» деуші едік, ендігі теларналардағы көшіріп, аударылып басылған дүниелер, ток-шоулар жанды семіртпек тұрмақ, жегідей жеп, қоярға орын таптырмайды. Мектептердегі драмалық үйірмелердің орнын «Көңілді тапқырлар клубы» басып алды. Бұған да себеп телеарна арқылы таратылған у болып отыр. Тіпті қарап отырсаңыз, сананы улау үдерісін әбден меңгергендер ұлтты қорлау әдісін көрсете бастаған сыңайлы. КТК телеарнасындағы «Наша казаша» шоуының ұлтты масқаралаудан, қорлаудан басқа берері жоқ. Бұлай кете берсе, анайылық пен хайуандықтың неше түрлі сорақыларын ашық көрсететін ресейлік «Дом-2» шоуының да қазақша нұсқасы шығып қалар.
Телеарналардағы қазақстандық, яки қазақ халқы үшін қонымды табылатын өнім саусақпен санарлық болып тұрғанда, сананың отарсыздануы туралы мәселені қозғап алысқа бармаспыз. Отарсыздану ? тазару. Тазарғанда да ең алдымен ұлттың ұлы өзегіндегі құнды дүниелерді жаңғыртуға, мәдениетімізді, тіліміз бен діліміз, дінімізді терең насихаттауға құлық аз. Әрине, орыстан тәуелсіздік алғанда басқа жаққа көшіп кеткеніміз жоқ, қоңсымыз. Араласатын, бірлесетін кезіміз де, жайымыз да бар. Ал кетісетін жеріміз одан да зор. Ресеймен ықпалдасқанда, оның жетегінде кету үшін ықпалдасуға болмайды. «Русский мир» атты орыстың қоры «ұлы орыстың тілі қайда болса, орыстың мүддесі сонда» деп, әрекет етіп отыр. Ендеше, Қазақстанда таралатын баспасөздің де, телеарналар көрсетілімінің де орыс мүддесі үшін басымдықты арттырып отырғанын түсінуге тура келеді. Қазақстанның кетісетін жері де осы ғой.
Ал кетіскенде арқа сүйейтін, түбі бір түркі әлемі бар емес пе. Тіпті, телеарналарда қазақстандық өнім шығара алмай дал болғанда, түркі тілдес елдердің мәдени бағдарламаларын да көшіріп басуға болар еді. Әрине, бұл жерде бір нәрсе бола қалса, тапаншасын шошаңдатып шыға келетін түріктің содырлар сойқанына айналған сериалдарын айтып отырғанымыз жоқ. Мәселе, түбі тереңге кеткен мәдени үндестікте, соған қарай ықпалдасуда болып отыр. Мәдени-танымдық бағдарламалар, балаларға арналған қойылымдар, «көңіл бағын» көтеретін қазаққа таныс сазды көрсетілімдер, дәстүрге, дінге қатысты деректі фильмдер, тарихи мазмұнға бай кино өнімдері, әдеби шығармалар түркі тілдес елдерде толып жатыр. Осылардың барлығын тәжірибе алмаса отырып, пайдалануға болмас па? Тіпті, техникалық мүмкіндіктердің жан-жақты дамып отырған заманында тектес мемлекеттермен ақпараттық байланысымыз да мәз емес. Қазақстан басқасын былай қойғанда, Ресейден өзге Орталық Азиядағы, түркі тілдес мемлекеттердегі жаңалықтарға толық есігін аша алмай отыр. Қырғыздар шу шығарса, Өзбекстан өртке оранса ғана елеңдейміз. Түркілерге тартудан гөрі, Ресейде, батыста не болып жатқанына құлағымыз түрулі. Шындығында, қазақтың менталитетіне батыс пен ресейлік арналардағы бағдарламадан гөрі түркілік бағдарламалар аса жақын. Жағдай осылай дами берсе, сондай жақындықты да ұмытатын түріміз бар.
Тәуелсіз елдің өзіндік сипатын қалыптастыруда, БАҚ арқылы идеология ұстанғанда, негізгі арнаның бірі осы түркілік жолы болуы да тиіс. Тіпті бүгінгі жаһандану заманында алып державалардың аузында жұтылып кетпей, бірлесіп әрекет жасау, бауырласып тірлік кешу, ынтымақтасып қарым-қатынас орнату түркі қауымы үшін өте маңызды. Ал бұндай маңызды мәселелер тек сөз жүзінде ғана айтылып жатқаны, ілгері жылжушылық байқалмайтынын мойындау керек. ТҮРКСОЙ аясында қолға алынуы дұрыс шаралардың бірі осы болар. Не десек те, Қазақстанда «көгілдір жәшік» сананы улайтын арзанқол дүниелерге толып бітті. Тазалап, жаңартатын уақыт жетті. Телеарналардағы бағдарламаларды сүзгіден өткізіп, заң жүзінде қадағалауды, отандық әрі мемлекеттік тілдегі қазақтың қанына, жанына жақын өнімге сұранысты күшейтуді талап етуге тиіспіз.