Көгілдір паспорттың құдыреті: Қазақстан төлқұжатының күші қандай
Төлқұжат – еншісі бөлек егемен мемлекет екенімізді сыртқы сипаттан танытатын жолдың бірі, саяси-экономикалық дербес қадам жасауда да салмағы зор. Сондықтан көк паспорттың күшін бағамдау әрі әлем елдері арасындағы беделін байыптау аса маңызды болмақ. Осы орайда Kazinform тілшісі Республика күні қарсаңында Қазақстан төлқұжатының қауқарын саралап, қай елмен қатынаста кәдеге жарайтынын зерттеп көрді.

Henley & Partners рейтингі: Қазақстан 64-орында
Паспорт күшін бағамдауға мүмкіндік беретін бірнеше тетік бар. Ол: виза саясаты; дипломатиялық қатынас; саяси ахуал; туризм әлеуеті. Жыл сайын халықаралық ұйымдар аталған критерий шеңберінде мемлекеттер төлқұжатының рейтингін түзіп, үздікті анықтайды. Бұл мемлекеттің экономикалық ахуалынан хабар беретін ақпар ғана емес, әлемдік аренадағы салмағын көрсететін күшке айналған. Қай елдің көрсеткіші жоғары болса, инвестицияға тартымды, турист еселенеді, имидж үшін қолайлы.
Мысалы, биыл Қазақстан төлқұжаты миграция саласындағы беделді ұйым – Henley& Partners рейтингінде 64-орынға көтерілді – өткен жылғы көрсеткіштен алты сатыға жоғары. Сарапшылар ондаған жыл жағымды тенденция байқалмаған салада оң серпін байқалуын бірнеше себепке сілтейді. Оның ішінде виза саясаты, әлем елдеріндегі әскери қақтығыстар мен инфрақұрылымдағы ілгерілеу бар.

Жалпы Henley & Partners рейтингісіндегі Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге жеткен Қазақстан ғана. Өзге көршілеріміздің көрсеткіші біршама қалыс. Қырғызстан – 76, Өзбекстан – 78, Тәжікстан – 82, Түрікменстан 89-орынға жайғасқан. Шекаралас елдер ішінде санкция қыспағында қалса да Ресей төлқұжатының күші тың. Соңғы бес жылда ол елдің төлқұжаты «күшеймесе», «әлсіреген» жоқ – биыл 45-орында. Ресейліктер визасыз 116 мемлекетке бара алады. 2022 жылы басталған әскери қақтығыстан соң небары 3 мемлекет ғана Ресеймен визасыз режим келісімінен бас тартқан-ды.
81 мемлекетке визасыз баруға болады
Виза саясатын кеңірек тарқатайық. Өткен жылы Қазақстан Қытай, Индонезия, Джибути, Тайланд секілді елдермен визасыз режимге көшкен болатын. Биыл бұл қатарға Марокко, Сент-Китс, Вьетнам қосылды. СІМ мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан 81 мемлекетпен визасыз режим туралы келісімге келген. Олардың санатында:
- Ресей;
- Украина;
- Әзербайжан;
- Түркия;
- Армения;
- Албания;
- Сербия;
- Иран;
- Гонконг;
- Қатар;
- Малайзия;
- БАӘ ;
- Оман;
- Аргентина, т.б. елдер бар.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекетаралық визасыз режим туристік бағыттан бөлек, экономикалық әлеуетті де көтеруге көмек береді. Экономист-қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, инвестициялық ұстанымда елдің көші-қон саясаты шешуші рөл атқарады.
– Визасыз режимнің экономикаға қосатын үлесі мол. Алдымен экономикалық кедергі жойылады. Орта кәсіпкер өзге мемлекеттегі нарықты бақылауы керек, инвестор елге келуі қажет. Міне, осы тұста еларалық визасыз режим уақыт үнемдеуге, нақты секторға қаржы тартуға пайдасын тигізеді. Дәстүрлі визалық процедура үшін апталап уақыт жоғалтпай, бірнеше күнде іскерлік келісім жасауға болады, – деді сарапшы.
ҚР азаматтары үшін әр ел түрлі талап қоятыны жасырын емес. Әсіресе, визасыз жүру уақытына қатысты ұстаным әрқилы. Мысалы, Грузия қазақстандықтарға визасыз 1 жылға дейін жүруге рұқсат берсе, Армения Түркия, Гренада елдерінде – 6 ай, Молдова, Украина, Гаити, Моңғолия мемлекеттерінде 90 күн жүруге болады. Гонконг, Иран мен Оманда визасыз екі аптадан артық болуға рұқсат жоқ, Өзбекстанда 5 күннен артық жүруге мүмкіндік қарастырылмаған.
Әрине, отандық жиһанкездердің пікірінше, Қазақстан үшін Еуропамен арада визасыз режим орнату өзекті. Себебі ел төлқұжатымен Еуропаға кіру уақыт алады, әуресі көп. Қазақстан тарапы бірнеше жылдан бері бұл бағытта келісім жасағанымен, әлі нәтиже көрінбей келеді. Тек биыл Еуропа одағы елдеріне қазақстандықтарды кіргізу жолы жеңілдейтіні белгілі болды. Яғни визаға сұралатын құжат тізімі, консул алымы, өтінімді қарастыру уақыты өзгермек. Аталған қадамның қашан жүзеге асатыны белгісіз, өйткені құжаттағы әр өзгеріске Одаққа мүше 27 ел түгел келісуі шарт. Бұл оңай іс емес.

Арнайы визасыз жүруге болатын еуропалық елдер де жоқ емес. Қазір Шығыс Еуропаның үш еліне визасыз кіруге мүмкіндік бар. Олар Еуроодаққа да, Шенген аймағына да кірмейді: Албания, Сербия және Черногория. Аталған мемлекеттерде 30 күн визасыз жүруге рұқсат.
Кейінгі жылдары Қазақстанмен визасыз режим туралы келісім жасаған елдердің құрылымын қарасақ, көбі шалғайдағы шағын мемлекеттер. Әрине, Қытай мен Ресей секілді державаларлармен жасалған уағданың салмағы бар, дегенмен Марокко, Сент-Китс, Вьетнам секілді елдермен туризмнен басқа салмақты себеп байланыстырмайды. Сондықтан сала мамандарының көбі ауқымды нарыққа жол ашатын алпауыт мемлекеттермен визасыз режимге қол жеткізу қажет деп санайды. Экономист Қуаныш Жайықовтың сөзінше, мұндай қадам нәтиже беруі үшін қос тарап та мүдделі болу керек.
– Сауда көлемін арттыру, табыс деңгейін ұлғайту, еңбек нарығын реттеу үшін қуатты елдермен визасыз режимге көшкен дұрыс-ақ. Алайда алпауыт елдердің дамушы мемлекеттермен мұндай келісімге келуі қиын. Себебі олар заңсыз мигранттар санының артуынан қорқады, екінші тараптың функционалды ережелерді сақтамауы мүмкін деп сескенеді. Виза режимінде елге келетін әр азаматты тексеріп, қажетті құжаттарды сұратуға болады, ал визасыз режимде мұндай ресми тексеріс жоқ, – деді ол.
10 млн қазақстандық шетелге шыққан
Қазақстан төлқұжатын сапарға шығу үшін алатыны белгілі. Кейінгі жылы төлқұжатты пайдаланушылар қатары артқанға ұқсайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылы өзге мемлекеттерге сапарлаған қазақстандықтар саны 10,5 млн-ға жеткен (32% өсім). Соңғы 5 жылда болмаған деңгей.
Шетелге сапарлайтын азаматтардың артуы 2022 жылы байқала бастады. Ол тұста Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, БАӘ, Қытай, Мысыр секілді елдерге барушы көбейді. Өткен жылы шетелге сапарлағандардың 44,7%-ы – Ресейге, 19%-ы – Өзбекстанға, 14%-ы Қытайға барған. Айта кетерлігі, өткен жылы Қазақстан мен ҚХР визасыз режим орнатып, биыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы деп жариялануы қос ел арасындағы барыс-келісті ұғайтқан. СІМ мәліметінше, осы аралықта Қытайға 173 мыңға жуық қазақстандық сапарласа, қонаққа 126 мың адам келген.
Кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында Түркияға сапарлау үрдіске айналғандай. Әлеуметтік желіден Анадолы жеріне барған отандастарды көп көреміз. Статистика да ақпарды нақтылап тұр. Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, биыл маусым-тамыз аралығында 440 мың ел азаматы келгенін мәлімдеді.
Сарапшылар мұндай тенденцияны туристік операторлар санының артуымен байланыстыруда. Жарнама арқылы сұраныс туып, сұраныс арқылы сапар саны ұлғайған екен. Мәселен, 2 жыл бұрын туроператор саны 380 болса, биыл 590-ға жетті. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта қазақстандық туроператорлар 285,7 млрд теңге табыс тауыпты. Бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 40%-ға артық.
Жылдан-жылға төлқұжаттың әлеуеті арта түсті. Визасыз жүйені дамытып, рейтингте жоғарылау арқылы экономикалық мүмкіндік пен саяси ұпайға қол жеткенін байқаймыз. Еларалық келісімнің кәсіпкерлік пен миграцияға оң әсер етуі ендігі межеге айналғандай.