Көк түрктің тарихын жаздыру – біздің азаматтық борышымыз-Мәжіліс депутаты А. Момышев
>АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Қазақ тарихына қатысты құнды жәдігерлер Моңғолия жерінде көптеп жатыр. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманкелді Момышев Моңғолияға арнайы сапармен барып, сол елдегі біздің бабаларымыз Бұмын, Естеми, Білге қағандарға, Күлтегінге арналған ескерткіштердің бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан болатын. Елге оралғасын Аманкелді Аршабайұлы сол сапарда көзімен көріп, көңіліне түйгендерін «ҚазАқпарат» тілшісімен бөлісті.
- Аманкелді Аршабайұлы, Моңғолия еліне барған сапарыңыздың мақсатын түсіндіріп өтсеңіз?
- Моңғолияға қызметтік сапармен барғанымда, сол елде тұрып жатқан қандастарымыздың тұрмыс жағдайымен жақынырақ таныстым. Ұлттық құндылықтарымызбен тікелей ұштасып жатқан тарихи орындардың жай-күйін білдім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Тарих толқынында" кітабында «Біздің еліміздің халықтары ұлы ата-бабаларымызды әбден орынды мақтаныш етуге құқықты, ал Бұмын, Естеми, Білге қаған, Күлтегін сияқты алғашқы қағандардың есімдері ежелгі ерте заманның өзге ұлы әскери қолбасшыларының және мемлекет қайраткерлерінің есімдерімен әбден қатар тұра алады, олардың атқарған істері ешкімнің де атқарған істерінен артық болмаса, тіпті де кем емес» - деп жазғанын жақсы білесіз.
Елбасы атаған есімдер, яғни, Бұмын, Естеми, Білге қаған, Күлтегін - біздің ата-бабаларымыз. VII-VIII ғасырда Көк түрк мемлекетін құрған Көкбөрі елінің қолбасшылары. Білге қаған, оның інісі Күлтегіннің әскер басы болып, оларға Тоныкөк бабамыздың кеңесшісі болып билік құрған сол кездер Көк түрк қағандықтардың қайталанбас гүлденген дәуірі болғанын айтқым келеді.
Бұл уақыт қағандықтардың қазанша бұрқылдап қайнап тұрған дәуірі еді. Сол кезде ел басқарған Білге қаған Көк түрк мемлекетінің билігін бір қолға топтастырды. Білге қағанның қуатты жасақтары Оңтүстік Моңғолиядағы соғдылықтарға, Қытайға, Енисей қырғыздарына, Жетісу түргештеріне, Алтай қарлықтарына, Оғыз, Үш-Оғыз, Тоғыз-Оғыз, Тоғыз-татар, ұйғырларға қарсы әскери қимылдар жасап, оларды өзіне бағындырды. Темір қақпадан Шань-дунь жазығына дейін, Тибеттен Байкал көліне дейінгі аса байтақ өңірде билік құрды.
Бұл кезде Шығыс Түрк қағандығының түркі тектес халықтарының саяси және әскери қуаты аса дәуірленген, көркейген тұсы еді. Білге қаған данышпан, ер жүрек, ақылды, қайырымды, ілтипатты адам болған.
- Әйгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің бүгінгі жай-күйі қалай екен?
- Білге қағанға арналып салынған зор ескерткіш Моңғолияның орталық өңірін жарып ағатын Орхон өзенінің алқабында таңғажайып тұлғасын сақтаған қалпында тұр. Онда түркі тілінде Білге қағанның жеңістері сипатталып жазылған.
Күлтегін Шығыс түркі қағандығының аса көрнекті әскери қолбасшы болған. Бүкіл түркі мемлекетінің әскерін Күлтегін басқарып, түркі мемлекетін нығайту мақсатымен көптеген жорықтарға аттанып, аса ірі қолбасшы ретінде танылды. Күлтегін 47 жасында дүние салады. Оның ерлік даңқына арналып қойылған үлкен ескерткіш Моңғолияның Орхон өзені бойында, ағасы Білге қаған ескерткішінің жанында тұр.
Күлтегін ескерткішін 1889 жылы Н.М.Ядринцев зерттеген. Р.Томсен, В.В.Радловтар тұңғыш рет ескерткіш жазуларын аударған. Ескерткішті Г.Гейкл (1890), В.В.Радлов (1891), ағылшын К.Кемпбелл (1892) француз де Лякост (1909) өз көздерімен көріп мақала жазды, онан соң көптеген ғалымдар зерттеді. Күлтегін ескерткіші тарихи шындық. Орталық Азияның аса ірі әскери қолбасшысы Күлтегіннің өмірі, ерлігі Шығыс түрк қағанатының тарихы, мәдениеті, халықаралық қарым-қатынасы жайлы құнды деректер ескерткішке басылып жазылған кіші жазу 13 жол, үлкен жазу 40 жолдан құралады. Құрметхан Махмади деген тарихшымыз осы ғажайып мұрамызды қазақшаға аударған.
Орхон-Енесей тас жазуы - түркі халықтарының көне жазба мұрасы. 1893 жылы дат ғалымы В.Томсен, 1894 жылы В.Д.Даулов ғылыми жаңалық ретінде бұл жазулардың сырын ашып, түркі тілдес халықтардың мұрасы екендігін дәлелдеп берді.
Моңғолияның Орхон өзені бойында Елтеріс қаған - Құтлыққа арналған жазба ескерткіш бар. Осы ескерткіште Құтлықтың, Білге қағанның, Күлтегіннің әр түрлі жорықтары баяндалады. Тұңғыш Түрк қағандығын құрған Бұмын қаған жөнінде деректер кездеседі.
Ұлы Түрк мемлекетінің болғаны шындық. Түрк Ұлысы үшін түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеген - үш көктүрк ұлысының - Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің күш-жігерінің арқасында Көк түрктердің көркейген кезі еді.
- Ұлы бабалардың ескерткішін көргенде қандай әсер алдыңыз?
- Мен де бабалардың басына барып, бас идім. Алған әсерімді айтып жеткізе алмайтын шығармын. Киелі орындар адамға рух беріп тұратынын байқадым. Күлтегін ескерткіші, Білге қағанның, Тоныкөк бабаның ескерткіштерін көріп, біздің қазақтардың ата-бабаларының тарихында айтылмай, жазылмай келгеніне өкіндім.
Сонымен бірге осы ескерткіштерге Түркия мемлекеті қамқорлық жасап, мұражай ашып қойыпты. Соның ішінде Күлтегін мен Білге қағанның ескеркіштерін орнынан алып, мұражайға қойған. Бұрынғы ескерткіштердің орнына сол ескерткіштердің көшірмесін қойып, ол орынды жақсылап қоршап, Түркия мемлекетінің қорғауында деп жазып, туын тігіп қойған. Қарақорым қаласынан сол ескерткішке дейін 50 шақырым асфальт жол салған. Сонымен Ұланбатыр қаласынан 60 шақырым жерде Тоныкөк бабамыздың ескерткішін қоршап, оған да Түркия мемлекетінің қорғауында деп жазып қойған. Бұл нені көрсетеді? Түріктердің Көктүріктен шыққанбыз дегені, яғни, сол бабаларға ие болу емес пе? Қарақорым қаласына әуежай салып, бабалар еліне тәжім жасап, өздерінің Мекке-Мәдинасы ету ниеті емес пе? Түркияның басшысы Сүлеймен Демирел кезінде Күлтегін мен Білге қағанның басына барып, 100 млн. доллар қаражатқа мұражай дирекциясын ашып, үлкен жұмыстар жүргізуі нені көрсетеді? Түркия Республикасының жасағанына қызғаныштық көрсетпейік. Қайта рахмет айтуымыз керек. Біз де қалмай араласып, зерттейтін жерлер жетерлік. Орда Балық қорғанын көрдім. Үлкен қорған, қоршалған іздері бар. Италияндықтар бір төбені қазыпты. Жапондықтар, немістер, Корея ғалымдары зерттеп, қазып жатыр. Тек біздің қазақ ғалымдары жоқ. Түріктер Білге қағанның, Күлтегін ескерткішінің қасынан қазып, алтын тәжі, алтын бұғы, алтын табақтарды, басқа да алтыннан жасалған заттарды мұражайға жинап қойыпты. Ондай патша киетін тәжді Еуропа Х-ХI ғасырда киетін болған.
- Осы сапарыңызда тағы да қандай дүниелерді байқадыңыз?
- Біздің жерлестеріміз академик, ғылым докторы, профессор, Халықаралық Түркі орталығының президенті, Алтын Орда мәдениет орталығының басшысы Ислам Қабышұлы мен академик, ғылым докторы, Моңғол Ұлы Хуралының экс-депутаты Ашпарын Бәкей біздің мемлекетіміздің араласпай отырғандығын үлкен өкінішпен айтты. Түріктер сол ескерткіштерді зерттеуге кіргізбей де қойған. Осы жерде наймандар, абақ-керейлер, жалайырлардан, Күлтегіннен қалған ұрпақтар бар екенін мәлім етті. Наймандардың орталығы Қарақорым қаласы болғанын, кейіннен Найман, Жалайыр тайпаларынан қаланы тартып алып, қазақ даласына ығыстырғанын айтты. Бірақ наймандардың күшті тайпа болғанын мынадан көруге болады. Шыңғыс ханның баласы Үгедей Қарақорым орталығының ханы болып тұрғанда оның бәйбішесі Турахина найман қызы болған. Үгедей қайтыс болғаннан кейін 7 жыл ол елді басқарған Қарақорымда бірінші мешіт соқтырған. Соның орнын көрсетті. Турахина атында жер де, көл де бар.
Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына әкеліп қойылды. Бірақ осымен іс бітті деуге бола ма? Біздің Президентіміздің Моңғолияға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша 2008 жылғы қыркүйектің 20-сындағы тапсырмасына сәйкес, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бір күндік сапармен Күлтегін кесенесінің басына барып қайтты. Бабалар әруағына тәжім етті. Түріктердің жасап жатқан жұмыстарын да көрді ғой деп ойлаймын. Нәтижесінде Моңғолия жерінде орналасқан көне түркі тарихи орындарына екі жақты бірлескен археологиялық экспедиция құру керектігі келісілгенмен, ол туралы әлі нәтижелі іс болмай жатқаны қынжылтып тұр. Осы орайда мен жуырда Мұхтар Абрарұлының атына депутаттық сауал жолдадым.
- Мәдениет министріне қандай ұсыныстар айттыңыз?
- Орта ғасырлық түркі тарихы мәдениеті әлем өркениетінің құрамдас бөлігі көне түрктер қалдырған Орхон мұраларын зерттеу, тану ұлтымыздың мақтанышы Бұмын, Естеми, Білге қаған сияқты айбарлы қағандар мен Күлтегін сынды ұлы әскери колбасшылардың атқарған істері, ерен ерлігі тарихта да, әдебиетте де, кино саласында да, тартымды суреттеу де кенже қалып келеді. Осындай жетіспеушілікті толтыру бізге - міндет.
Мен бірнеше ұсынысты алға тартып отырмын. Атап айтқанда, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты Моңғолия мәдени мұрайжайлары Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Ордабалық қорғанын зерттеу үшін археологиялық экспедиция ұйымдастырып, Моңғолия еліне жіберу керек деп ойлаймын.
Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып өткен тарихимыздан сыр шертетін Күлтегін, Білге қаған және Көк түрк қағандықтары жайлы мәліметтер тарих оқулықтарының бағдарламасына енгізілуі тиіс. Тарихшыларымызды ұйымдастырып, шыққан тегіміз Көк түрктің тарихын жаздыру - біздің азаматтық борышымыз.
Түркі жұртының төрт құбыласы түгел болуы үшін он жасынан бастап ат үстінен түспей, аласапыран айқастарда айбалтадай жарқылдап өткен айбарлы қолбасшы, қаhары айнала-төңіректі қалтыратқан, елді қуатты қағанатқа айналдырған Ұлы тұлға Күлтегінді осы замандағы кино саласында қайтадан тірілту керек. Бұл ұлтымыздың мерейін өсіріп, өзімізді өзгеге айқын танытып, мойындататыны сөзсіз. Бұл туынды Шынғысхан фильмінен де артық болады деп сенемін.
Сонымен қатар Моңғолиядағы Ордабалық қорғанын біздің Қазақстан мемлекеттік қарауымызға алып, оны қоршап, зерттеп, 10 шақырым жол салу қажет. Бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік бар деп есептеймін.
Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза жетекшілік жасайтын Мәдениет министрлігі аталған ұсыныстардың шешу жолдарын қарастырғаны жөн.
- Рахмет әңгімеңізге!