Қоқысты кофеге айырбаста: Алматылық кәсіпкер ерекше акция ұйымдастырып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық кәсіпкер Махатдин Хаджиев, Алма-Арасан шатқалында қоқыс жинағандарға тегін кофе немесе шай ұсынады. «Қоқысты кофеге ауыстыр» акциясы төрт жылдан бері жалғасып келеді. Туристер мен қала тұрғындарының ерекше ықыласына бөленген акция авторымен Кazinform агенттігінің тілшісі тілдесіп, мұндай идея қалай келгенін білді.

Махатдин Хаджиев Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы Түлкібас ауданы Балықты ауылында дүниеге келген. 1992 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, банк ісі мамандығын үздік аяқтады. Ол бірнеше жыл банк саласында жұмыс істеді. 2014 жылы жүрегі сыр беріп, жұмысын тастауға мәжбүр болды. Қазір екінші топтағы мүгедек.

– Мүгедектігіме байланысты мені көп жер жұмысқа алудан бас тартты. Сондықтан өз кәсібімді ашуға бел будым, – деп есіне алады ол.
2019 жылы Махатдин кофе көлігін сатып алып, Алматының тұрғындары серуендеп, демалуды ұнататын танымал жерлерде жұмыс істей бастады. 2021 жылы Іле Алатауы ұлттық саябағында орналасқан Алма - Арасан шатқалында бір орынды жалға алды.
– Аталған әсем жер Алматыдан 16 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 1827 метр биіктікте орналасқан. Мұнда ыстық бұлақтар бар. Бірақ демалушылардың кейбірі қоқыстарын жинамай кетеді. Осы мәселені қалай шешуге болады деген ой маза бермеді, – дейді ол.

Бастапқыда қоқысты өзі тазалап, кейін көршісі көмекке келген. Екеуі күні бойы 3-4 қап қоқыс жинап шығарған. Бірақ, бұл да мәселені түбегейлі шеше алмады. Содан кейін кәсіпкер «қоқыс орнына тегін кофе» атты ерекше ақция ойлап тапты.
– «Тауда бір қап қоқыс жинап, кез келген сусынды тегін алыңыз» деген жазуы бар баннер жасадым. Адамдар келе бастады. Демалушылар қайтар жолда қоқыс жинап келетін болды. Бұл мені осы акцияны жалғастыруға шабыттандырды, – дейді ол.
Махатдин тұрғындар табиғаттың тазалығына өз үлесін қосқанын түсініп, қуанышпен келе бастағанын атап өтті. Осындай сәттерде Махатдин көмектесіп, жылы лебізімен қолдап, ыстық шәй немесе кофе сыйлаған әрбір адамға шын жүректен алғысын білдіреді.

– Кейбіреулер тіпті: «Мен кофе ішкім келді, бірақ қоқыс таба алмадым» деп әзілдейді. Бұл адамдар табиғатқа қамқор бола бастады деген сөз, – дейді Махатдин.
Оның пайымдауынша, бір рет болса да қоқыс жинағандардың, қоқыс тастауы екіталай.
– Адамдар отбасымен, достарымен табиғат аясына шығып, дастархан жайып, тамақ ішіп, қоқыстарын жинамай кетеді. Осындай жандар табиғатқа жанашырлық танытса екен, – дейді ол.
«Қоқысты кофеге айырбаста» акциясы туралы қалың жұртшылық әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы білді. Бұл бастама тіпті Қазақстаннан тыс жерлерінде де байқалды.

– Қоршаған ортаның ластану проблемасы тек біздің елге ғана қатысты емес екен. Дубайдан, Германиядан, Қытайдан, Латвиядан, Эстониядан және басқа да елдерден кәсіпкерлер, табиғат қорғау белсенділері мен туристер келді. Олар менен өз елдерінде осындай нәрсені іске қосу мүмкін бе деп сұрады. Бұл мені осы акцияны әрі қарай жалғастыруға итермеледі, өйткені біздің планетамыздың тазалығы барлығына қатысты. Бұл идеяның Қазақстанда жалғасын таппағаны өкінішті, бір реттік бірнеше іс-шара ғана өтті, - дейді ол.
Осы уақытқа дейін Махаддин Хаджиев акциясының аясында таудан бір күнде ең көбі 19 қапшық қоқыс жиналған. Ал бір-бірімен жарысып жүрген азаматтар бір айда 300 келі қоқысқа дейін жинап үлгеріпті. Бастама қаржыны талап етеді – Махатдин шәй, кофе, шоколад және сүтке кететін барлық шығынды өз қалтасынан өтейді. Науқан 4 жылдан бері жүріп жатыр, Махатдин тоқтамақ емес.
- Қазақта «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген сөз бар. Әрбір игі істің сауабы бар деп есептеймін. Сондықтан мен акцияны тоқтатпаймын деп шештім, - дейді ол.
Айта кетейік, Махатдин Хаджиев 12 желтоқсан күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығымен марапаталды.