«КӨКНӘР-2015»: Қазақстанда тұңғыш рет үнді қарасорасы егілген плантациялар анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда биыл «Көкнәр-2015» жедел-алдын алу республикалық операциясы барысында тұңғыш рет үнді қарасорасы егілген плантациялар анықталды. Бұл туралы осы операцияны қорытындылау бойынша өткен отырыс барысында ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, елімізде барлығы 40-қа жуық плантация табылған.

«Бұған дейін адамдар әдетте кішігірім жерлерге -үйінің ауласына немесе бақшасына егіп жататын. Ал мұндай көлемдегі, яғни 30-40 соток (Ар, гектардың жүзден бірі) жер телімдеріне егілген үндістандық қарасоралар биыл бірінші рет анықталып отыр. Бұл плантациялар 3-4 егістік жерден тұрады. Әрқайсысының көлемі шамамен 10 соток болады. Адамдар бұл қарасораларды елді мекендерден алыс жерлерге, ну тоғайлардың арасына жасырып егіп келген», - деді С. Құсетов.

Сонымен қатар, ол бұл қарасоралардың тек Жамбыл облысындағы Шу алқабында емес, басқа да облыстарда егіле бастағанын жеткізді.

«Біз жалпы бұған дейін, республика бойынша жыл сайын 20-22 тонна қарасора тәркілейтінбіз. Ал биыл 94 тонна тәркіледік. Яғни, бес есеге артық! Неге? Өйткені, сол 94 тоннаның 62 тоннасы - 40 шақты плантациядан тәркіленген үнді қарасорасы. Соның ішінде 52 тонна - Қызылорда облысының аумағынан, 8 тонна - Оңтүстік Қазақстан облысынан, 500 килограмм - Қарағанды облысынан тәркіленді. Қалғаны Шу алқабында қолдан өсірілген. Ал жаңағы 94 тонна қарасораның қалған 32 тоннасы Шу алқабында тәркіленді. Олар осында бұрыннан табиғи жағдайда өсетін кәдімгі қарсоралар», - деді С. Құсетов.

Бұдан басқа, ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы үнді қарасорасының адам өміріне өте қауіпті есірткілердің бірі екендігін жеткізді.

«Бұл «үндістандық» деп аталатын қарасораның құрамында психоактивті зат - тетрагидроканнабинолдың мөлшері 40 пайызды құрайды. Ал Шу алқабында өсетін кәдімгі қарасорада оның мөлшері бары-жоғы 8-10 пайыз ғана. Сәйкесінше, адам Шу қарасорасының дәмін екі-үш рет татқан соң ғана есірткіге тәуелді бола бастаса, «үнді» қарасорасының дәмін бір рет татқан адам нағыз есірткіге тәуелді болып шыға келеді. Бұл қарасора Қазақстанға бұдан бірнеше жыл бұрын Үндістаннан жеткізілген», - деді С. Құсетов.

Соңғы жаңалықтар