«Көкнәр-2015» операциясы барысында 94 тонна есірткі заттары тәркіленді

«Өздеріңіз білесіздер, «Көкнәр-2015 жедел-алдын алу операциясы жыл сайын қара сораның піскен кезінде жүргізіледі. Бұл операцияның басты мақсаты - сол өсімдікті жинау әрекеттерін және олардың Шу алқабынан шығарылу арналарын анықтап, жолын кесу. Бұдан басқа, «ауған» есірткісі трафигі арналарын жою бойынша еліміздің барлық өңірлерінде мақсатты іс-шаралар жүргізу, ұйымдасқан қылмыстық есірткі топтарының әрекеттерін анықтау және жолын кесу», - деді өз сөзінде ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов.
Сонымен қатар, ол биылғы операция барысында былтырғы жылдарға қарағанда бес есе көп есірткі тәркіленгенін айтты. Яғни, соңғы 4 айдың ішінде заңсыз айналымнан 94 тонна есірткі заттары тәркіленген.
«Көкнәр-2015» операциясы барысында 3 мыңнан аса есірткілік құқық бұзушылық қылмыс тіркелді. Заңсыз айналымнан 94 тонна әр түрлі есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде 61,3 тонна өсірілген қарасора өсімдігі, 40 келіге жуық героин, 63 келі гашиш, 31,3 тонна марихуана бар. Сәйкесінше, 25 миллионнан аса бірреттік есірткі дозалары тәркіленді. Осылайша, есірткі бизнесіне 45 млн. доллардан аса қаржылық шығын келтірілді», - деді С. Құсетов.
Айта кетелік, ағымдағы жылы «Көкнәр-2015» операциясы жаңа форматта жүргізілді. Биыл Жамбыл облысы ІІД қарамағына «Арлан» арнайы бөлімшелері мен «Бүркіт» Ұлттық ұланының қосымша күштері мен құралдары тартылды. Құмдағы баруы қиын жерлерге модульдік көшпелі қосындар, сондай-ақ, таулы жерлерде жүре алатын көлік құралдары және тұңғыш рет әскери тікұшақтар мен ұшқыссыз ұшатын аппараттар қолданылды.