11:35, 04 Сәуір 2012 | GMT +5
Көкпарды үлкен стадиондарға шығару керек
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Көкпарды үлкен стадиондарда ойнату қажет. Бұл туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігіндегі ұлттық спорт мәселесіне арналған кеңесте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел мәлім етті.

«Біздің көкпарды футбол секілді үлкен стадиондарда ойнату керек. Яғни, көкпардың жасақталған тиісті алаңы болу тиіс. Осыған қол жеткізу үлкен мәселе»,-деп тоқталды ол.
С. Түгелдің пайымдауынша, бірінші кезекте мамандар керек. «Ұлттық спорт дамып, өсіп келе жатыр, ал мамандар деңгейі төмен. Әсіресе, төрешілер мен жаттықтырушыларды даярлауға екпін жасау қажет»,-деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде америкалықтар қазақ халқының ұлттық ойыны - көкпарға қызығушылық танытуда. «Мәселен, АҚШ-тың америкалық футболы - жаяу көкпар. Ал біздікі аттың үстіндегі тартысты дода. Осы тұрғыда олар құлшыныс танытып отыр»,-деді С. Түгел.