Көкпектідегі төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іске тартылған тұлғаларға алдын ала айыптаулар тағылды - Прокуратура
«Апат болған күні дереу қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары мен бірқатар зерттеу жүргізілді. Тергеу органдары жеке ұйымдардың басшылары мен лауазымды тұлғалары қатарынан айыпталушылар ретінде тартылатын бірқатар тұлғалар анықтады», - деп атап өтті Қарағанды облыстық прокурорының қылмыстық үдерісті сотқа дейіңгі кезеңде қадағалау бойынша көмекшісі Алмас Абдақасов брифинг барысында.
Оның хабарлауынша, оларға қатысты бірқатар айыптаулар тағылып отыр. Қылмыстық кодекстің 316-бабы 2-бөлігі бойынша (Адамның өліміне және басқа да ауыр жағдайларға алып келген селқостық) Көкпекті ауылдық округінің әкімі Бақытжан Смаиловқа, Бұхар жырау аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесінің басшысы Ринат Жантүліковке, бөгеттің жеке меншік иесі «Агрофирма «Шаңырак» компаниясының құрылтайшысы Ерлан Чкаловқа және кәсіпорын директоры Бақыт Әсетовке ҚР ҚК 232-бабы бойынша (Өз міндеттеріне ықылассыздық таныту) айыптар тағылды», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, сонымен қатар «Табиғат XXI» компаниясының құрылтайшысы мен директорына ҚК 245-бабы бойынша айып беріліп отыр.
«Тергеу анықтағанындай, бөгет 2006 жылдан бері «Табиғат XXI» компаниясына жалға берілген. Онда олар балық шаруашылығымен айналысып, тоғанның қабырғаларын өз беттерінше өзгерткен», - дейді прокурордың көмекшісі.
Қазіргі уақытта барлық айыпталушыларға ешқайда шықпау жөнінде ескерту берілген.
«Бұл тек алдын ала айыптар. Тергеу аяқталған тұста ол айыптар өзгертіліп, толықтырылуы мүмкін, айыпталушылардың қатары да көбеюі ықтимал», - дейді А.Абдақасов.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш қылмыстық істер Қарағанды облысы ІІД-нің Тергеу басқармасының өндірісінде жатыр.
Еске сала кетейік, 31 наурыз күні Қарағанды облысында тоғаннан су кетіп, Көкпекті ауылында 300-ден астам үйді су басып кеткен болатын. 5 адам қаза болып, 12 адам жарақат алды. Көз жұмған адамдардың туыстарына 1 млн. теңге өтемақы тағайындалды.