11:22, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Көксарай құрылысына қызылордалықтар да тартылады
ҚЫЗЫЛОРДА.Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Кеше облыс әкімі Болатбек Қуандықов пен Көксарай су реттегішінің бас мердігері "Селденқорғау құрылыс" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Бақыт Әбдірахманов ғасыр құрылысына қызылордалық мамандарды тарту жөніндегі меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Маңызды құжатқа қол қою рәсімінен бұрын облыс әкімі Болатбек Қуандықов 2009-2011 жылдар аралығында өңір экономикасының дамуын қамтамасыз етуге арналған іс-шаралар жоспарының барысы жайлы айтып өтті. Аймақ кәсіпорындарында қысқарту бола қалған жағдайда түрлі экономикалық негіздемелерге сүйене отырып 9,5 мың адамды басқа жұмыстарға орналастыру мүмкіндігі қаралып отыр. Өңір басшысы былтыр күзде облыс делегациясының сапары кезінде сырбойлықтарды Көксарай су реттегішінің құрылысына тарту туралы өз ұсынысына қолдау білдірген "Селденқорғау құрылыс" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Бақыт Әбдірахмановқа алғысын жеткізді. Мердігерлік ұйым басшысы су реттегішін салуда экскаватор, бульдозер жүргізушілерімен қатар темір-бетон құрылысына маманданған жұмысшылар қажет екенін, қазір салынып жатқан нысанда вахталық әдіспен 2 мыңға жуық адам еңбек етіп жатқанын мәлімдеді. Кездесу нәтижесінде облыс әкімі мен "Селденқорғау құрылыс" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры 2012 жылға дейін салынып бітуі тиіс су реттегіші құрылысына 1000-ға жуық қызылордалықты тарту жөнінде меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімінен кейін аймақ басшысы тиісті сала жетекшілеріне кәсіпорын сұранысына сай мамандарды іріктеу жөнінде тапсырма жүктеді.