Көксарай су қоймасы небары 14 жылдан соң күрделі жөнделеді, себебі не
АСТАНА. KAZINFORM – Көксарай су қоймасының салынғанына бүгін дәл 15 жыл толды. Әдетте мұндай нысандар 25 жылға дейін еш жөндеусіз пайдаланылады. Алайда Көксарай контрреттегішіне биыл күрделі реконструкция жасалмақ. Сонау 60-жылдары салынған су қоймаларының өзі сыр бермей тұрғанда, күні кеше бой көтерген нысанға неге күрделі жөндеу жүргізіледі? Әлде оны салу кезінде олқылыққа жол берілді ме? Қаржы қайдан алынады? Kazinform агенттігі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сауал жолдап, осы сұрақтарға жауап алды.

Түйткілді мәселе қалай туындады?
Сырдарияның басы гидроэнергетика өндірісіне қолайлы. Сырдың бір сағасы — Қырғызстан территориясынан келетін Нарын өзенінің басында «Тоқтағұл» су электрстансасы бар. Әдетте, электр энергиясына сұраныс қысқы уақытта артады да, Қырғызстан тарапы осы кезде Нарынның суын көптеп жіберуге мүдделі болады. Мол су Сырға құйып, қыс ортасында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елдімекендерді қызылсу басу қаупі артады. Қайбір жылдары бірнеше елді мекенді су басып қалғаны да есімізде. Бұл жағдай Қазақстан тарапына Шардараға сыймай қалған суды жинап алып, оны суару маусымында жіберіп отыратын қосымша су қоймасын салуға мәжбүрледі. Сөйтіп, 2010 жылы Көксарай су қоймасы ашылып, 2011 жылы ресми түрде пайдалауға берілді.
Жартылай ғана пайдаланылады
Сырдың басында ағыс қатты болғандықтан су электрстансасын салуға қолайлы екенін айттық. Мамандар ортаңғы ағысы суармалы егін шаруашылығына, төменгі ағысы балық шаруашылығы мен мал маруашылығына қолайлы екенін айтады.
Көксарай реттегішіне су қаңтар айынан бастап тасқын маусымы аяқталғанға дейін жинақталады. Кейін сәуір-мамыр айларында суару маусымы басталғанда біртіндеп жіберіледі. Оның жобалық сыйымдылығы 3 млрд текше метр болғанымен, қазіргі таңда бөгеттің техникалық жағдайының төмендеуіне байланысты 1,5 млрд текше метрден артық су жинауға мүмкіндік жоқ.
2012, 2013 және 2015 жылдары су реттегішіне жобалық көлемдегі мөлшерде – 3 млрд текше метр су жиналған. Алайда 2014 жылы су қоймасына 2,1 млрд текше метр су жиналғанда, бөгетте жарықтар пайда болған. Қазіргі таңда кешен бөгетінің техникалық жай-күйі бастапқы жобалық көрсеткіштерден айтарлықтай төмендеген. Осыған байланысты 100% су жинауға болмайды.
Ведомство мәліметінше, Көксарай су реттегішіне жинақталған су көлемі соңғы 5 жылда 65-70 пайыздан аспаған:
- 2020 жылы - 2,021 млрд м3
- 2021 жылы - 2,023 млрд м3
- 2022 жылы – 0,82 млрд м3
- 2023 жылы - 1,865 млрд м3
- 2024 жылы – 1,513 млрд м3
- 2025 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша – 1,189 млрд м3.
Бөгет неден сыр берді?
Салынғанына 15 жыл енді толған су қоймасын жөндегелі жатыр дегенді естігенде «Бөгеттің мұнша тез тозуына не себеп болды? Оны салу кезінде құрылыс технологиясы бұзылған ба?» деген сауал бірінші ойға оралды. Сондықтан жауапты ведомстводан бұл жайлы сұрап білдік.
— 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізді. «Сот-құрылыс экономикалық және сот-құрылыс техникалық сараптамасының қорытындысы» негізінде жоба мен құрылыс жұмыстарының талаптарға сай орындалғаны анықталды, - делінген ресми жауапта.
Министрлік нысанды пайдалану кезінде тиісті бақылаулар мен зерттеулер жүргізіліп, оның қауіпсіздігі қадағаланып отырғанын да мәлімдеді.
— Алдымен су реттегіш «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі теңгерімінде болды, 2018 жылдан бастап «Қазсушар» РМК меншігіне берілген. Қабылданған жылдан бастап «Көксарай» су реттегішінің техникалық жай-күйін анықтау мақсатында «Қазсушар» РМК бірқатар зерделеу жұмыстарын жүргізілді. Атап айтқанда, 2018 жылы Қазақстан қолданбалы экология агенттігі электротомография, сейсмикалық барлау және жерасты георадиолокациялық зондтау әдістерін қолданды, 2019 жылы «Қазгипроводхоз институты» өндірістік кооперативі инженерлік-геодезиялық ізденістер жүргізді, 2024 жылы «УЛМАД» ЖШС көпфакторлы зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеулер нәтижесінде КСР кешеніне қарасты су нысандарының техникалық жай-күйінде оны пайдалану ережелерінде қарастырылған көрсеткіштерден ауытқулар анықталды. Қазіргі уақытта қауіпті су сүзілісінің пайда болуына негізгі себеп ретінде – бөгет қабырғасының «жергілікті жер қыртысының тектоникалық өзгерістеріне табиғи және антропогендік әсері» екендігі туралы қорытынды жасалды, - делінген мәліметте.
Салынуы Сардобамен ұқсас
2020 жылы 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сардоба ауданындағы су қоймасы жарылып кетіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенді де су алып кеткен болатын. Ең қауіптісі, Көксарай су қоймасын салуда да дәл осы Садоба су қоймасымен ұқсас материалдар қолданылған екен.
Екі қоймаға да су арнайы жеткізуші арналар арқылы толтырылады және екеуінің де бөгеті өзен бойында орналаспаған. Бөгет материалдары ұқсас негізді топырақтан тұрады, ал жоғарғы бьефі (суға қараған беті) тау тастарымен темір-бетонмен қапталған.
Бұл дегеніміз - бөгет негізінен нығыздалып тапталған топырақтан тұратынын, тек су жақ беті ғана ылғал өткізбейтін қабатпен қапталған деген сөз. Егер ішкі жақ бетіндегі қабырғада жарық пайда болса, су топырақты оп-оңай шайып кетіп, бөгетті бұза салатынын бізге Сардоба апаты айдай анық көрсетіп берді.

Қаржы қайдан алынады?
Министрлік бұл сауалға «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту жобасы» 1-фазасы аясында Түркістан облысындағы су шаруашылығы нысандары бойынша алдын ала дайындалған жобаларды Ислам Даму Банкінің I траншы есебінен қаржыландыру көзделген. Осы қаржы аясында тасқын суға қарсы Көксарай су реттегішін қайта жаңарту көзделеді», - деп жауап берген.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Бүгінде Көксарай контрреттегішін реконструкциялау және нығайту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Биыл Ислам даму банкінің қолдауымен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаны іске асыру контрреттегіште екі есе көп су жинауға мүмкіндік береді», - деген болатын.
Реконструкциялау жұмысына қаржыны Ислам Даму банкі бөлетіні анық болды. Бірақ қандай сомада береді, қандай шарттармен береді? Бұл жағы әзірге беймәлім. Ведомство жолдаған жауапта «бұл мәселе әлі нақтыланбағаны, әлі қарастырылып жатқаны» жазылған.

Шардарада жағдай қалыпты
Көксарай жайлы жазғанда Шардара су қоймасы жайлы айтпай өтуге болмайды. Себебі бұл екеуі - бір жүйеде жұмыс істеп, бірін-бірі толықтырып тұратын су қоймалары.
Көксарай Шардара су қоймасынан 160 километр төмен, Көксарай ауылының оңтүстігінде орналасқан және Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы елді мекендерді су алу қауіпінен қорғайды. Қыс айларында Шардара СЭС өндіретін электр энергиясы қуатын 20-25%-ға арттыруға ықпал етеді. Дәл осы Шардараға сыймай қалған су Көксарайға жиналады. Сондықтан Шардараның жай-күйі Көксарайға тікелей әсер етеді.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша Шардара су қоймасындағы су көлемі – 4 669 млн м3 (жобалық көлемі - 5,2 млрд м3), яғни қойма 90% толған. Су шығару көлемі - 565 м3/сек.
«Шардара су қоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын арттыру және қайта жаңарту» жобасы аясында қайта құру құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылдың 4-тоқсанында құрылыс жұмыстары аяқталған. Сондықтан биыл Шардараның жай-күйіне алаңдауға негіз жоқ.