Көкшетау іргесіндегі ауылдағы үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмақ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр кентіндегі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу көзделген. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Еске сала кетейік, осыған дейін Красный Яр кентіндегі үйлердің барлығы бірдей жылумен қамтамасыз етілмегені туралы БАҚ-да жарияланған болатын. Осыған орай, Көкшетау қалалық әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдіктің дерегі бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосылған қазандықтың қуаты сағатына 9 гигакалорий болған. Атқарушы органдардың міндеті көше бойына инженерлік желілерді тарту болып табылады. Ал, үйді орталықтандырылған желіге қосу тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде, жылу құбыры өтпейтін көшелердегі үйлерді жылу желісіне қосуда проблема бар. Осы мәселені шешу үшін қалалық құрылыс бөлімі Красный яр кентіндегі инженерлік желілердің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 20 миллион теңге қаржыға өтінім берген.
Көздеген ақша қолға тиген кезде, инженерлік желілер салынып, көп өтініш берген көшелердегі тұрғындардың үйлері орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады.
Еске сала кетейік, жақында облыс әкiмi Сергей Кулагин осы мақсатпен өзінің қабылдауына келген Краснояр кентінің тұрғындары Бапан Какиев пен Мәулида Омароваға бұл мәселе өз бақылауында екенін және оны шешу бағытында нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.
«Қазіргі кезде, қала әкімдігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осыдан кейін ғана магистралды желі анықталып, тұрғын үйлер жылу желісіне қосылатын болады», - деп атап өткен еді облыс әкімі.