19:25, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Көкшетау қаласы активінің басқосуында ҚР Еңбек Заңының орындалуы мен қаржы дағдарысы қарастырылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Көкшетау қаласы активінің басқосуында ҚР Еңбек Заңының орындалуы мен оны түсіндіру, «Тұрғындарды жұмыспен қамту» Заңы, бос жұмыс орындары және жұмысшыларды қысқарту кезінде заңсыздыққа жол бермеу тақырыптары қарастырылып, алдағы іс-жоспарлар айқындалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Айтулы жиынға бірқатар облыстық ведомстволар мен мекемелер, кәсіпорындар басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қоғамдық бірлестіктер өкілдері, еңбек ұжымдары жетекшілері, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, талқыланған мәселелер төңірегінде өз пайымдауларымен бөлісті. Көкшетау қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен іске асырылған іс- шара аясында теңгенің девальвациясы Қазақстан экономикасын қолдаудың қажетті алғышарттары екендігі қарастырылып, жасырын жұмыссыздықтың есебін жүргізу, ұжымдық еңбек шарты, «Қоғамдық бірлестіктер», «Кәсіподақтар туралы» ҚР Заңдары, қысқарған жұмысшыларға мемлекеттік әлеуметтік қордан өтемақы төлеу жайы көпшілік талқысына ұсынылды. Сонымен қатар дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жайы әңгіме арқауына айналды. Басқосу соңында дағдарыстың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыруға арналған ұсыныс қабылданды.