Көкшетау оқушылары Президенттің «Өркен» білім грантын ала алады
«Бүгінгі күні республика бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектебі жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам оқушы білім алса, 8 мыңы түлеп ұшқан. Бұл мектептердің барлығы CIS мүшесі болып табылады. 15 зияткерлік мектеп халықаралық аккредитациядан өтті. Осы жылдың соңына дейін тағы 5 зияткерлік мектеп (Алматы ФМБ, Алматы ХББ, Ақтау, Петропавл, Қостанай) аккредитациядан өтеді. 2018 жылдан бастап үш тілді жүйе көптілді болып ауысып, екінші шет тілін оқу міндеттелді. Екінші шет тілін үйрену баланың сөйлеу қабілетін және жалпы дамуын ғана жетілдіріп қоймай, оны айналасындағы адамдармен қарым-қатынас мәдениетіне де үйретеді», - дейді Аян Алтынбеков.
Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқыту-тәрбие жұмысының ерекшеліктері, мектептегі және мектептен тыс жұмыстар мен шетелде оқу мүмкіндіктері туралы аталмыш білім ордасы түлегінің анасы Сәуле Сағынтаева мен 11 сынып оқушылары Құдыретулла Аманкелді және Анель Қалиева ой бөлісті.
Брифинг соңында Аян Алтынбеков Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылар контингентін қалыптастыру үшін 2019-2020 жылғы оқу жылына 7-сынып оқушыларының білім алуы үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім грантын тағайындау бойынша байқау жарияланғанын айтты. Үміткерлердің құжаттары 2019 жылдың 19 қаңтарынан бастап Көкшетау қаласы, Тілеулин көшесі, 59 мекенжайында қабылданады. Байланыс телефоны - 8 (7162) 25-31-40.