Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Көкшетау техникалық институтының курсанттары ант берді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Көкшетау техникалық институтының 1-курс курсанттары ант берді.

Көкшетау техникалық институтының курсанттары ант берді

Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты ант беру рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері және институт басшылығы, жас курсанттар мен олардың ата-аналары қатысып, әскери өмірге аяқ басқан жастарға оқуда табыс тіледі.

Бұл күні барлығы 151 курсант ант қабылдады. Әскери киім киген сарбаз ұлдар оқуда озат, институт шәкірті деген абыройлы атқа лайық болуға, қандай жағдайда да елінің мүддесін қорғап, жерін қауіп-қатерден сақтауға серт берді.

- Әскери өмірге қадам басқан 1-курс курсанттары үшін бүгін - өте ерекше күн. Жас өрендеріміз өз өмірлерінің ең жауапты сәтін бастан кешіруде. Оқу ордасына жаңадан қабылданған жас курсанттардың Қазақстан халқына және Елбасымызға салтанатты жағдайда ант беруі оларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы сенімнен шыққан ұландар ғана елімізді төтенше жағдайлардан сақтап қала алады, - деген облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров ел қорғау елдің ісі екендігін айтып, курсанттарға алдағы оқуларында сәттілік, әскери өмірдің қиындығына қайыспай, институттың және ата-аналарының үмітін ақтап шығуларына тілектестік білдірді.

Салтанатты шеруде курсанттар әскери әуендердің сүйемелдеуінде алаңмен сап түзеп жүріп өтті. Курсанттардың бұл қуанышын бөлісуге олардың ата-аналары, қала тұрғындары да жиналды.