Көкшетауда 1 сыныпқа баратын 234 балғынға қамқорлық жасалуда
КӨКШЕТАУ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қалалық білім бөлімі «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа барғалы отырған 234 баласын есепке алып,
оларды тиісті қамқорлыққа алып отыр, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Хабиболла Ғазизовтың айтуынша, қазіргі кезде олардың тізімдері жасалып, соның негізінде 50 баланы облыс әкімдігі, 57 бүлдіршінді қалалық әкімдік өз қамқорлығына алған. Ал қалған бүлдіршіндер білім ошақтарының, шағын және орта бизнес нысандары басшыларының қарауында.
Жалпы ағымдағы жылдың шілдесіне дейін 18 жасқа дейінгі 273 жеткіншек есепке алынды. Сол бойынша ай сайын тағамдық талондарға 290 мың теңге, мектеп киімдерін тіктіруге 882 мың теңге, «Сокол», «Чайка» балалар сауықтыру орындарында жазғы демалыстарын өткізуге 2 миллион 552 мың теңге, спорттық киімдермен қамтуға 400 мың теңге, оқу құралдарына 900 мың теңге жаратылған.