Көкшетауда 4007 адам « 1941-1945ж.ж.Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалімен марапатталады
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Көкшетау қаласында салтанатты эжағдайда алғашқы 150 ардагерге «1941-1945 ж.ж.Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалі табысталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасының Жарлығына орай осындай сый-құрметке қарт жауынгерлер, тыл ардагерлері, Ленинград қоршауына қатысқандар, концлагерде азапты күндер кешкен кәмелетке жасы толмағандар иелік етті. Мұндай марапат 4007 көкшелікке көрсетілетін болады. Сонымен бірге республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер есебінен әр майдангерге жүз мың теңгеден, тыл ардагеріне 24 мың теңгеден, марапатқа ие болмағандарға 22 мың теңгеден әлеуметтік төлемдер ескерілген. Өткен жылы 33 майдангердің отбасы жайлы үйге қоныстанып, олардың тұрғын үйге деген сұранымдары толықтай қамтамасыз етілді. Салтанатта сөз алған тыл ардагерлері Петр Антонов, Любовь Овтухова Жеңіс күнін жақындатуға үлсе қосқандарын мақтаныш сезіммен атап өтіп, барша жұртшылықтың тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешуіне тілектестігін білдірді. Кездесу соңы мерекелік концертке ұласты.