Көкшетауда «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған қойылым өтті

Онда Қазақ Ордасы ханының тәуелсіздік мұраттары бағытындағы күресі жайында, қазақ елінің азаттығы жолындағы ұлы жорықтары, Абылайдың сыртқы саясаттағы өлшеусіз еңбектері, сондай-ақ оның қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлігін сомдайтын көріністер жиылған жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Ауа райының қолайсыздығына, яғни жауын-шашынға қарамастан атшабарға қарай халық көптеп ағылуда. Этноауылда 100-ге жуық киіз үй тігіліп, олардың ішіне көшпенділердің тұрмыстық заттары, зергерлік бұйымдар, қолданбалы өнер туындылары, саятшылық және аңшылық өнердің бұйымдары қойылған.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, сонымен қатар ат спорты шараларына қатысу үшін Астана мен Алматы қалаларынан және он екі облыстан шабандоздар келді. Түске қарай атшабарда 7 шақырымдық жорға жарысы мен құнан бәйге, 16 шақырымдық тоқ бәйге, 25 шақырымдық аламан бәйге өткізіледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше Көкшетауда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы әрі саясаткер Абылай ханның дүниеге келгеніне 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияға белгілі ғалымдар, сарапшылар, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қазақстандық және шетелдік қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.