Көкшетауда бұзақылардың қолынан қаза болған спортшының өзі қылмыс жасаған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда бұзақылардың қолынан қаза болған спортшының өзі қылмыс жасаған. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Ақмола облыстық ІІД басшысының орынбасары Ербол Жүсіпов мəлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
None
None

Еске салай кетейік, осыған дейін танымал спортшы пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинскийдің бұзақылардың қолынан қаза болғаны туралы ақпарат жариялаған болатынбыз. Полицейлердің мәліметі бойынша қайғылы оқиға  ағымдағы жылдың 14 наурызында, түнгі 03:00-дерде Көкшетау қаласындағы автоқалашық шағынауданында орын алған.

Досымен бірге үйіне бара жатқан 25 жастағы спортшыны бір топ жас жігіт тоқтатады. Араққа сылқия тойып алған жігіттермен бірден сөзге келіп, олардың арасында төбелес шығады. Бес жігіт Евгений мен оның досын соққыға жығады.  Досы қаскөйлерден сытылып шығып, сол маңдағы «Рома» дүкеніне көмек шақыруға жүгіреді. Осы кезде бұзақылардың бірі спортшыға бірнеше жерден пышақ сұғып үлгереді. Алған ауыр жарақаттан Евгений көп ұзамай  көз жұмған. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер аталған дүкендегі бейне жазбаны тексеріп, көп ұзатпай күдіктілерді қолға түсіреді. Күдіктілер - 1997-1999 жылғы студенттер. Оның арасында 1999 жылғы күдікті  қылмысын мойнына алып, үстінен ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлімі бойынша  (адам өлтіру) сотқа дейінгі іс қозғалды. Ал, қалған күдіктілерге қатысты келіп, тіркеліп отыру шарасы қолданылып, ҚР ҚК 293 -бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізілуде.  

Евгений Галузинский пауэрлифтингтен балғындар арасында əлем чемпионы, жастар арасында əлем чемпионатының жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы. 2009 жылы Бразилияда пауэрлифтингтен IPF нұсқасы бойынша төрт мəрте əлем рекордтын жаңартты. Марқұмның артында əйелі мен 1,5 жастағы қызы қалды.

ІІД басшысы орынбасарының айтуынша, күдіктілердің барлығы 18-20 жастағы жергілікті тұрғындар - "Көкше" академиясының студенттері. "Тергеу амалдары барысында анықталғандай, сол күні екі жақтың алкогольдік ішімдік ішіп алғаны расталып отыр. Дүкендегі бейне таспа жəне күдіктінің түсініктемесі бойынша бірінші Галузинский жұдырық жұмсаған", деп түсіндірді Е. Жүсіпов.

Сонымен қатар, ол Евгений Галузинскийдің ұрлық үшін істі болғанын атап өтті. Алғаш рет 2016 жылдың тамызында облыстық балалар ауруханасына 3 оттегі балонын ұрлаған. Онда зардап шегуші тараппен мәмілеге келген. Ағымдағы жылдың ақпанында ұрлық жасамақ болғаны үшін тағы да ҚР ҚК 187-бабы бойынша істі болған. Бұл жолы іс күдіктінің өлуіне байланысты қылмыстық іс жабылған.

Сөз соңында ІІД басшысының орынбасары күдіктілердің барлығы қылмыстан құтылмай, тиісті жазасын алатын айтып сендірді. 

Соңғы жаңалықтар