Көкшетауда ірі көлемде марихуана сақтаған 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 3 келіден астам марихуана сақтаған 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда ірі көлемде марихуана сақтаған 29 жастағы қала тұрғыны  ұсталды

Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 19-шы желтоқсанында ІІД жəне ІІБ есірткі саудасымен күресу жөніндегі бөлімшенің қызметкерлері облыс орталығындағы  "Қопа" көлінің жағасында 29 жастағы қала тұрғынын ұстаған. 

Тексеріс барысында одан қағаз қорапқа салынған сұрғылт-жасыл түстес зат тəркіленді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай тәркіленген зат салмағы 3 келі 657 грамм "кептірілген марихуана" екені анықталды.

Күдіктінің сөзіне қарағанда, есірткі затын өзі қолдану үшін сақтаған. Алайда, полицейлер оның есірткі қолданушы ретінде наркологияда есепте жоқтығын жəне ата-анасымен бірге тұратынын анықтап отыр. Сонымен қатар, күдіктінің облыс аумағында есірткі саудасына қатысты бар-жоғы анықталуда.

"Қазіргі кезде, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстінен ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалды", дейді полицейлер.

Полицейлердің дерегі бойынша жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз есірткі саудасымен айналысуға қатысты 142 қылмыстың беті ашылды. Оған қоса, 6 наркопритон анықталып, есірткіге масайған  297 жүргізуші ұсталды. Заңсыз сауда айналымында жүрген 685 келі түрлі есірткі заттары тəркіленді.