Көкшетауда қыздар арасындағы жанжал екі әкімшілік бап бойынша іс қозғаумен аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жанжал кезінде шыққан шуды естіп, оқиғаны видеоға түсірген. Кейіннен олар полиция шақырған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Көкшетауда алкогольдік ішімдік ішкен екі қыз арасындағы жанжал олардың ҚР ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуымен аяқталған.
— Оқиға 30 тамызда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қыздар ойын-сауық орындарының бірінен шыққан. Жол бойында көлікте келе жатқан кезде олардың арасында ауызша жанжал туындаған. Көліктен шыққаннан кейін сөзбен басталған дау төбелеске ұласқан. Шуды естіген жақын маңдағы үйлердің тұрғындары полиция шақырған, — деп хабарлады ведомство.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жанжалға қатысушылардың жеке басын анықтады. Екі әйелге де тыныштықты бұзғаны, сондай-ақ қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде болғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Еске салайық, бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты төбелес кезінде адам өліміне әкеп соққан іс бойынша екі адамға үкім шығарғанын жазған болатынбыз.