Көкшетауда ҚР Мемлекеттік хатшысы мен ведомство басшылары Абылай ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Осы орайда бүгін таңертең қалада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» ХДП Төрғасының орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов және зиялы қауым өкілдері мен шетелдік қонақтардың қатысуымен Абылай ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұдан кейін Абылай хан алаңында мәдени шараларды өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар бүгін Көкшетауда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастайды.
Биыл мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы әрі саясаткер Абылай ханның дүниеге келгеніне 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияға белгілі ғалымдар, сарапшылар, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қазақстандық және шетелдік қоғамдық ұйым өкілдері қатысатын болады. Олардың арасында Ресей академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Нелля Бекмаханова, Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Даниял Қадырниязов, Ыстамбұл университетінің профессоры Мехмет Сарай, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Шайыркүл Батырбаева, Индиана университетінің ғылыми қызметкері Майкл Хэнкок бар.
Ал ертең Көкшетау маңындағы Қызылжар атшабарында «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, ел өңірлерінде Абылай ханның 300 жылдығы аясында тарихи сана-сезімімізді одан ары қарай бекітуге бағытталған басқа да жалпыұлттық мерекелік шарларды өткізу көзделген.
Абылай хан Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек. Одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.