Көкшетауда қымбат тон ұрламақ болған қырғызстандық əйел ұсталды

Полицейлердің мәліметі бойынша 21 ақпанда Көкшетау қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне жергілікті сауда үйінің 55 жастағы сатушысы арызданған. Арызданушының сөзіне қарағанда бейтаныс əйел оның бутигінен қымбат тон ұрламақ болған.
Жедел іздестіру шарасы барысында 54 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматшасы қол түсті.
«Оқиға былай өрбіген: Күдікті қызымен бірге Көкшетаудағы сауда үйінің бірінде сыртқы киімдер сататын бутикке барады. Сол кезде сатушы қызына киімдерді көрсетіп жатқан сəтті пайдаланған анасы ілініп тұрған қымбат тонды шешіп, сыртқы киімінің астына жасырады. Алайда, есіктен шыға берісте сатушы оны бірден сезіп қалады. Жолы болмаған күдікті сол жерде дау шығарып, сатушыны балағаттайды. Оқиға орнына дереу сауда үйінің күзетшісі, кейін полиция келіп, ұрлық жасамақ болған əйелді қолға түсіреді.
Полиция анықтағандай күдікті Қырғыстаннан бірер апта бұрын Көкшетаудағы қызына қонаққа келген», деп түсіндірді полицейлер.
Қазіргі кезде күдіктіден түсініктеме алынып, ҚР ҚК 188 бабының 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.