11:03, 08 Қаңтар 2019 | GMT +5
Көкшетауда пәтерден шыққан өрттен ер адам көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерден шыққан өрттен ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аймақтық ТЖД сілтеме жасап.
«Оқиға 7 қаңтарда сағат 10:00 шамасында Көкшетау қаласындағы Ақан сері көшесінің бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде болған. Өрт 12 шаршы метр аумақты шарпыды. Тілсіз жауды ауыздықтау шараларына ТЖД жеке құрамынан 20 адам және 6 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. 25 адам, оның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт болған пәтердің ішінен ер адамның денесі табылды. Осы оқиғаға байланысты барлық материалдар ПД жолданды», - деп түсіндірді Ақмола облысының ТЖД қызметкері Думан Дəлешов.
Қазіргі кезде, өрттің шығу себебі мен көз жұмған ер адамның аты жөні анықталу үстінде.