Көкшетауда шағын кәсіпікерлікті несиелеу орталығының филиалы ашылды
КӨКШЕТАУ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер бөлуге маманданған «KMF» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы қызметіне кірісіп кетті.
Ендігі күні өз несібесін кәсіпкерлік арқылы табуды мұрат санағандарға айтулы филиал қаржылай қолдау көрсететін болады. Бүгінде еліміздің 11 қаласында өз филиалын ашқан серіктестік қызметін жүз мыңға тарта адам оңтайлы пайдаланып отырған көрінеді. Мұндағы басты ерекшелік - несиеге кепілдік талап етілмейді. Тұсаукесерінің алғашқы кезеңінде облыс орталығынан 60 адам қаржылай қолдауға ие болды. Жыл ішінде өңірдің басқа аймақтарын қамту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығын өркендетуге, оның ішінде өңдеу саласында жұмыс жасауға ниеттенгендерге басымдықтар қарастырылған.