19:01, 19 Қазан 2015 | GMT +5
Көкшетауда ұры полиция қызметкеріне қол жұмсаған
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткен ер адам ұры болып шықты.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Жақында тәртіп сақшылары Көкшетаудағы түнгі клубтардың бірінің маңында полиция қызметкерінің ырығына көнбей, оны тартып жіберген 20 жастағы жігітті ұстады. Арнайы құрал арқылы ауыздықталған ол бірден учаскеге жеткізілді. Кейін тексеріс барысында оның 13 қазан күні облыс орталығындағы киім-кешек дүкендердің бірінен спорттық жейдені қолды қылғаны анықталды. Қазіргі кезде күдікті қылмысын мойындап, уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Сондай-ақ оның үстінен ҚР ҚК 188 бабының 2 бөлімі (ұрлық) және ҚР ҚК 380 бабының 1 бөлімі (билік өкіліне күш қолдану) бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалды.