Көкшетауда жарылған су құбырының салдарынан 5 үйдің жертөлесін су басып кетті
КӨКШЕТАУ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қаласында Капцевич пен Глинин көшесінің бойында 700 миллиметрлік су құбыры істен шығып,
төңірегіндегі үйлерге зақым келтірді.
«Көкшетау Су Арнасы» мемлекеттік мекеме басшысы Бақытжан Ахметовтың айтуынша, бұрын жөндеу көрмеген ірі мөлшерлі су құбыры түн мезгілінде жарылып, судың сыртқа ағып кетуі тіркелген. Қазір апатты аймақта арнайы 12 техника мен 27 маман іске жұмылдырылған. Үш су сорғыш көлігі жекеменшік үйлердің жертөлелерін жиналып қалған ағын сулардан арылтуда. Алдын ала белгілі болып отырғандай, ағын су төңіректегі бес үйдің жертөлесін, көршілес медицина училищесі мен жатақхананың аулаларын басып, бірнеше көше бойында ағын су жайылып, қақаған аязда көк айдынға айналып кеткен. Апатты жағдай салдарынан Уәлиханов көшесі бойының, «Бурабай», «Юбилейный», «Сұңқар» шағынаудандарының тұрғындары сусыз қалды.