Көкшетауда жастар күніне арналған ауқымды мереке өтті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетаудағы Жаңа Жағалау аумағында спортты, экологиялық бастамаларды, IT-технологияларды және көше мәдениетін біріктірген «Aqmola Jastar Day — 2026» жастар open air-ы өтті.
Ауқымды шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, жастарға арналған түрлі алаңдарда белсенді уақыт өткізді.
Мерекелік бағдарлама дәстүр бойынша пайдалы іспен басталды. Қалалық жағалауда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Eco Plogging ұйымдастырылып, оған 160-тан астам студент, волонтер, блогер және белсенді қатысты. Қатысушылар дене белсенділігін қоршаған ортаға қамқорлықпен ұштастырып, аумақтан 200-ден астам қап құрғақ қоқыс жинады.
Түстен кейін жағалауда негізгі тақырыптық алаңдар жұмысын бастады. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар Ақмола облысының жағажай волейболынан чемпионатында бақ сынап, ұлттық асық атудан өз мергендіктерін сынады. Ал Future Zone интерактивті алаңы қала тұрғындарын заманауи технологиялармен таныстырды.
— Бүгінде мемлекет жастарға білім алуға, жаңа технологияларды меңгеруге және өз бастамаларын жүзеге асыруға кең мүмкіндік жасап отыр. Біздің міндетіміз — жастардың осы әлеуетін қолдап, олардың білімі, идеясы мен энергиясы өңір мен елдің дамуына елеулі үлес қосуына жағдай жасау, — деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев.
Іс-шарада білім беру мен цифрлық бағытқа да ерекше көңіл бөлінді. Aqmola Hub алаңында өңірдегі стартап бастамалар мен сұранысқа ие Tech Orda және TUMO IT бағдарламалары таныстырылды. Ал келушілердің ерекше қызығушылығын Tomorrow School жасанды интеллект мектебі тудырды. Мұнда студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа дағдыларды бірге меңгеруіне және ортақ жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін peer-to-peer оқыту форматы таныстырылды.
— Біз жастарға цифрландырудың күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналғанын көрсеткіміз келді. Сондықтан технологиялардың дамуын сырттай бақылап қана қоймай, оларды меңгеріп, тәжірибеде қолдану маңызды. Мұндай іс-шаралар жастарға заманауи білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, бүгінгі таңда бағдарламалау мен жасанды интеллект саласында дамуды кез келген адам бастай алатынын көрсетуге мүмкіндік береді, — деді Көкшетаудағы Tomorrow School өңірлік жетекшісі Данияр Абдрашитов.
Шараның шығармашылық бөлігі де мазмұнды өтті. Қатысушылар Холи бояулар фестиваліне және сабын көпіршіктері шоуына қатысып, көше мәдениетіне қызығушылық танытқан жастар брейк-данс пен DJ-батлдарды тамашалады.
Сонымен қатар «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» интерактиві ұйымдастырылды. Қала тұрғындары әдебиет саласындағы білімдерін сынап, танымдық ойынға белсенді қатысты.
Кештің шарықтау шегі — ресми марапаттау рәсімі болды. Өңірдің дамуына үлес қосып жүрген 15 белсенді жасқа Ақмола облысы әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара қатысушыларының бірі Бахтияр Қашкенов жастарға арналған бағдарламаның мазмұнына оң бағасын берді.
— Тамаша мереке болды, бағдарлама өте қызықты. IT алаңына да барып, жастардың жобаларымен таныстым, жарыстарды да тамашаладым. Мұнда жай ғана демалып қоймай, өзіңе пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік бар екені қуантады, — деді ол.
Кешкі уақытта ашық аспан астындағы концерттік бағдарлама жалғасты. Ал жастар күнінің финалы DJ DARKLIGHT қатысуымен өткен көңілді дискотекаға ұласып, жүздеген Көкшетау тұрғыны мен қонағы жұлдызды аспан астында бірге көңіл көтерді.
«Aqmola Jastar Day — 2026» жастарды бір алаңға жинап қана қоймай, спортқа, шығармашылыққа, жаңа технологияларға және қоғамдық белсенділікке қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берген ауқымды жастар мерекесіне айналды.