Көкшетауда ЖЭО құрылысының орны анықталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетауда ЖЭО құрылысының орны анықталды. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлім етті.

Өткен жылы Қазақстан және Ресей Үкіметтерінің арасында еліміздің үш қаласында ЖЭО салу жөнінде меморандумға қойылды, соны бірі — Көкшетау қаласында.
«Құрылыс алаңы қазірдің өзінде анықталды, оның ауданы 120 гектар. Біз оны РК-1 және РК-2 жылу қазандықтарының жанынан салуды жоспарлап отырмыз. Оған арналған жер әлдеқашан бөлінген. Ол жерді таңдаған себебіміз, ЖЭО жұмысын бастаған кезде қазіргі қазаңдықтар көмекші болады» — деп түсіндірді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.
Аймақ басшысы ЖЭО-ның Көкшетау қаласының дамуына пайдасы зор болатынын айтады.
«Бүгінде бізде жылу мен электр энергиясының тапшылығы бар. Өткен аптада біз жиналыс өткіздік. Жылу және электр энергиясынан басқа, ЖЭО бізге қосымша жұмыс орындарын береді, яғни өндірісіміз жандана түседі. Басымдық жергілікті материалдар мен жергілікті жұмыс күшіне беріледі, бұл өңірде өндірістің дамуына серпін береді» — деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, ол ЖЭО салу арқылы көкшетаулықтар аристон қолданудан құтылатынын атап өтті.
«Біздің есебіміз бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны суды жылыту үшін орта есеппен айына 5-10 мың теңге ақша жұмсайды. Егер су ыстық болса, онда электр энергиясы да бөлінеді. Енді біз халыққа осыны түсіндіруіміз керек. Қазір бір ғана суық су құбыры бар, ЖЭО салғанда ыстық суға тағы бір құбыр қажет болады, яғни жаңарту жұмыстарын жүргізу керек. Есесіне тұрғындар жыл бойына ыстық суды пайдалана алады» — деп түйіндеді әкім.
Айтуынша, ЖЭО кейін газға ауыстыруға болатындай етіп салынбақшы, яғни экологиялық талаптар сақталады. Құрылыс заманауи технологиялар мен стандарттар бойынша жүргізіледі және 2,5 есе көп жылу өндіруге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Самұрық-Энерго» АҚ Көкшетауда жылу электр орталығын салатынын жазған едік.
Аслан Оспанов.