Көкшетаудағы мектептердің бірі құрылыс жұмыстарына кететін шығынды негізсіз ұлғайтқан

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Қала аумағындағы мектептердің біріне 1,5 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстарын сатып алу жоспарланғаны анықталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алматы прокуратурасы «Orda» сайтының бас редакторына ескерту жасады
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда аталған заңсыздықтар Көкшетау қаласының прокуратурасы бюджет және мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына, сондай-ақ мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына талдау барысында анықталған.

-Талдау барысында қала аумағындағы мектептердің біріне 1,5 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстарын сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттаманы зерделеу нәтижесінде жоба құнының негізсіз ұлғайтылғаны белгілі болды. Бұл түзету коэффициентінің дұрыс қолданылмауына байланысты орын алған, соның салдарынан құрылыс құны жасанды түрде арттырылған,-делінген хабарламада.

Көкшетау қаласы прокуратурасының актісі негізінде аталған мемлекеттік сатып алу рәсімі құрылыс құнын төмендету мақсатында қайта қарау үшін тоқтатылды. Нәтижесінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Аталған бағыттағы жұмыстар әлі жүріп жатыр.

Осыған дейін Алматы облысында прокуратураның мемлекет пен бизнес мүддесін қорғағаны туралы жаздық.