Көкшетаудағы адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Белгілі болғандай, ер адам көлікті жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген. Салдарынан облыс орталығындағы аулалардың бірінде әйел адам жаяу жүргіншіні қағып, ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетауда 52 жастағы әйелдің өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалған.
— Көлік жүргізген әйелге қатысты адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды, — деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар көлік иесі — оның жұбайына қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлік басқаруға жібергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
— Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасын жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, — деп толықтырды ведомство.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қылмыстық істердің тергелуі полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы аулалардың бірінде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болған еді.