Көкшетаудағы балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме 20 жылдығын атап өтті (ФОТО)

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында «Менің әлемім. Менің үйім. Менің отбасым» тақырыбымен өткен салтанатты шараға қатысқан Көкшетау МӘМ-нің директоры Рысты Баймағамбетова құттықтау сөз сөйлеп, өздеріне ұзақ жылдар бойы көмек, қолдау білдіріп жүрген қамқоршылық кеңеске, достары мен әріптестеріне және мүмкіндігі шектеулі балалардың өміріне бей-жай қарамайтын жандарға шынайы алғысын білдірді.
«Біздің медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрып жатқан әртүрлі ұлттың балалары мен жұмыс істеп жатқан әртүрлі ұлттың өкілдері бар. Бәріміз бір үлкен әрі тату отбасындаймыз», - дейді Р.Баймағамбетова.
Ақжарма тілегін арнағандардың арасында шараға арнайы қонақ ретінде келген Астана қаласындағы республикалық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Оспанова да болды.
Шара барысында қонақтарға орталық тәрбиеленушілері мен қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардан жасақталған «Қуаныш» дауысты ансамблі зор қошеметке ие болды.