Көкшетаудағы орта мектепке Сәкен Жүнісовтің есімі берілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне осы өңірдің тумасы қазақтың танымал тұлғасы, жазушы, драматург Сәкен Жүнісовтің есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Көкшетау қаласы әкімінің биылғы жылдың 24 шілдесіндегі қаулысына сай, №18 қазақ орта мектебі Сәкен Жүнісов атындағы мектеп-лицейі болып атанатын болды.

Жаңа оқу жылының ашылу салтанатына жиналған оқушылар мен ата-аналардың алдында жазушының қарындасы Роза Жүнісова сөз сөйлеп, ағасының есімінің  мектепке берілуіне үлкен ризашылығын айтты және  ұлы тұлғаның атындағы мектептің оқушыларына сабақты жақсы оқып, биіктерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Сәкен серімен үзеңгілес дос-жар болған қаламгер Төлеген Қажыбаев  жазушыны еске алып естеліктерімен бөлісті, Көкше өңірінен шығып, қазақ әдебиетін дамытуға елеулі елеулі  үлес қосқан азаматтың есімін ел есінде сақтау үшін жасалған бұл игі іске үлкен ризашылық танытты.

Бұл күні мектеп-лицейде алғашқы қоңырау соғылып, ұлы тұлғаның есімін алып атауы да, мектеп-лицей атанып мәртебесі де өзгерген оқу орнының оқушылары алғашқы сабақтарына кірісті. Мектеп директоры Жақсылық Қуанұлының айтынша, қазіргі күні мұнда 1 600-дей бала оқиды. Биылғы жылы 6 бірінші сыныпқа 150-дей оқушы келіпті. Балалар санының жыл санап өсе түсуіне орай, мектеп ғимараты тарлық еткендіктен, қосалқы ғимарат құрылысы басталған. Қазір іргесі тұрғызылып, шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Келер жылы қосымша ғимарат пайдалануға беріледі. Сол кезде Сәкен серінің өмірі мен шығармашылығына арналған жеке мұражай-кабинет ашылады деп жоспарлануда. Әзірге жазушының шығармашылығына арналған тақта мектептің кіреберісінде орынатылған.

Соңғы жаңалықтар