Көкшетаудан бастау алған «Шахмат керуені» 14 мың шақырымды еңсермек

Петропавлда шахмат мерекесі өтті. Солтүстік Қазақстан облысының орталығына Көкшетаудан бастау алған «Шахмат керуені» жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: СҚО шахмат федерациясының баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысы - 13 қыркүйек күні Көкшетауда басталған эстафетаны қабылдап алған екінші өңір.

«Шахмат керуенін» ұйымдастырудағы басты мақсат – интеллектуалды ойынға көңіл аударып, дамыту.

Іс-шара барысында облыстық шахмат федерациясының тұсауы да кесіліп, оның төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов сайланды.

«Шахмат – біздің аймақтағы өте танымал спорт түрі. Себебі 5 мыңға жуық облыс тұрғыны шахмат ойнайды. Оның 3,5 мыңы – ауыл тұрғыны. Қалада ғана емес, ауылда да кеңінен таралған бұл спортқа енді жаңадан серпін бермекпіз», – дейді Рүстем Құрманов.

«Шахмат керуенінің» келуіне орай орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Киіз үй тігіліп, блиц-шахматтан турнир өтті. 20 ойыншы бағы мен бабын сынға салды.

Ал үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін кездесуде облыс намысын қорғайды.


Солардың бірі - Александр Вьюниченко. Бас жүлдеге 5 млн теңгенің сыйы тігіліп отыр.

«Петропавлға «Шахмат керуенінің» келуі – жақсы жаңалық. Бұған дейін спорттың бұл түріне осынша жағдай жасалған жоқ деп ойлаймын. Демеушілерге алғысым зор. Түркістанда кіл мықтылар кездеседі. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз», - дейді ол.

Бұдан кейін керуен Қостанайды бетке алады. 30 адамнан құралған топ 10 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірлерін аралап, 14 мың шақырымды еңсермек.


Соңғы жаңалықтар