Көкшетаулық Gigabyte командасы Женевадағы байқауда бақ сынады
АСТАНА. KAZINFORM — Женевада өтіп жатқан AI for Good Global Summit 2026 саммиті аясындағы Robotics for Good Youth Challenge 2025–2026 халықаралық жастар байқауының финалында Көкшетау қаласының Gigabyte командасы өнер көрсетті. Қазақстандық топ Senior санаты бойынша бақ сынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Женевадағы меншікті тілшісі.
Қазіргі уақытта Gigabyte командасы 535 ұпай жинап, 28 команданың арасында 4-орында келеді.
Robotics for Good Youth Challenge — жас инженерлер мен әзірлеушілерге арналған халықаралық байқау. Оны Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) Mobsya компаниясының (Thymio білім беру роботын әзірлеуші) қолдауымен ұйымдастырады. Байқау робототехника мен жасанды интеллект арқылы жаһандық өзекті мәселелердің шешімін ұсынатын мектеп оқушылары мен жастар командаларын біріктіреді. 2025–2026 жылғы маусымның негізгі тақырыбы — азық-түлік қауіпсіздігі.
БҰҰ-ның жасанды интеллект саласындағы жетекші алаңы саналатын AI for Good Global Summit саммиті аясында өтіп жатқан финалға әлемнің 39 елінен келген 68 команда қатысып жатыр. Қазақстандық Gigabyte командасы Senior жас санатында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге арналған робототехника мен жасанды интеллект жобасын таныстырды.
— Біз Robotics Challenge санатында өнер көрсетіп жатырмыз. Бұл бағыт аясында екі негізгі тапсырмадан тұратын робот ойындары өтеді. Осы миссияларды орындау үшін командамыз екі бірегей роботты өзіміз құрастырып, жасап шықтық, — деді Әбілмансұр Болат.
Жас өнертапқыштың айтуынша, роботтардың негізі Lego Spike конструкторының базасында жасалған. Алайда команда стандартты бөлшектермен шектелмей, құрылғылардың тиімділігін арттыру үшін кейбір элементтер мен жаңа модульдерді өздері жобалап, 3D-принтерде басып шығарған.
Бағдарламалау барысында қиындық туындамаған. Роботтарды басқаруға арналған барлық бағдарламалық кодты команда мүшелері Python Pybricks платформасы негізінде өздері жазған.
— Бұл біз үшін үйреншікті жұмыс. Робототехникамен айналысып жүргенімізге 5 жылдай болды, сондықтан тәжірибеміз жеткілікті. Әрбір жаңа жоба мен әрбір жаңа робот біздің білімімізді толықтыра түседі. Бүгін бізді үш жарыс кезеңі күтіп тұр. Мақсатымыз — жеңіске жету, — деді қазақстандық команданың өкілі.
Senior санатындағы қорытынды нәтижеге сәйкес, Gigabyte командасы 28 ұжымның ішінде 4-орынға тұрақтады. Қазақстандық команда Вьетнам, Сенегал, Гана және Қытай командаларынан озып, тек Оңтүстік Корея, Венесуэла және Мексика өкілдеріне ғана есе жіберді.
Қазақстандық команданың сәтті өнер көрсетуі елдегі жас инженерлердің жоғары деңгейде даярланғанын көрсетіп, Қазақстанның жасанды интеллект пен робототехника саласына білікті мамандар даярлау бағытындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, Қазақстанның электр жүйесін басқаруда жасанды интеллект қолданыла бастады.