Көктайғақ: Нұр-Сұлтанда он шақты күн ішінде 888 адам зардап шеккен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 9 қарашадан бері көктайғаққа байланысты қаланың медициналық ұйымдарына 3 588 азамат жүгінген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Баспасөз орталығында қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас травматологы Алексей Солод мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктайғақ: Нұр-Сұлтанда он шақты күн ішінде 888 адам зардап шеккен

«Қыс басталғалы ауруханаға әртүрлі дене жарақатымен түсетіндердің саны артады. Әдеттегі мезгілдерден қарағанда жарақат алғандардың саны 2-3 есе өсетін кездер де болады. Себебі де белгілі: көктайғақ, жол-көлік оқиғалары, өрттер мен ыс тию жағдайларының осы мезгілде көбейеді. Мәселен, биыл мұз қатқан уақыттан бері, яғни 9 қарашадан бастап (көктайғақ кезеңі қар жауған күннен бастап есептеледі) қаланың медициналық ұйымдарына 3 588 азамат жүгінген. Оның 1 905-і балалар. Көктайғақтан зардап шегіп келгендердің саны – 888. Көбі жеңіл жарақат алған. Тек төртеуі ауруханаға жатқызылды», - деді Алексей Солод.

Оның айтуынша, жарақат алғандардың көбі аяқ-қолының ауырсынуы мен сынуы, буынның шығып кетуі, сіңірдің созылуы, қосарлас жарақат, бас сүйек жарақаты бойынша ауруханаға жүгінеді.

Қазіргі уақытта елордада 4 бірдей травматологиялық пункт жұмыс істеп тұр. Оның бірі Есіл ауданындағы №1 қалалық аурухана болса, екіншісі Сарыарқа ауданындағы Орталық жол ауруханасы, үшіншісі Байқоңыр ауданындағы Травматологиядық орталық ҒЗИ, төртіншісі №2 қалалық балалар ауруханасының жарақат бөлімі.