Көктайғақ: Павлодарда 150-ден астам адам жарақат алған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс орталығындағы жарақат бөлімшесіне күніне 60 адам жүгінеді. Олардың тең жартысы – көктайғақтан зардап шеккендер.

аурухана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Апта ортасында жауған жаңбырдың соңы аязға ұласып, Павлодардың көшелерін көк мұз басты. Салдарынан қалада жалтыр мұзда тайып жығылып, жарақат алып жатқандар саны арта түскен.
№2 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне тәулігіне шамамен 60 адам жүгінеді. Оның тең жартысы көктайғаққа байланысты. Соңғы бес тәулікте жалпы саны 150 адам медициналық көмекке жүгінген. Ал кейінгі екі күнде 50-ден астам адамда сүйектің сынуы тіркелген. Оның алтауы ауруханаға жатқызылды.

- Көп жағдайда адамдар тобық сүйегінің, қол сүйегінің сынуымен және буын жарақаттарымен келеді. Барлығы дерлік көшеде тайып құлағандар. Қабылдауға келген кезде тексеру жүргізіледі. Егер сүйек сынуы анықталса, науқас ауруханаға жатқызылады. Қажетті ем-дом көрсетіледі. Мәселен екі күн бұрын 1990 жылы туған қыз Алматы қаласынан туыстарына қонаққа келген. Көшеде тайып құлап, екі тобығын сындырған, - дейді Павлодар қалалық №1 ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Дәурен Смағұлов.

Еске сала кетейік, Өскеменде көктайғақ салдарынан жүздеген көлік қаладан шыға алмай қалды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум